Кейінгі бірнеше күн қатарынан доллар бағамы төмендеп, теңге нығайып келеді. 17 ақпанда KASE Қазақстан қор биржасындағы күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 489,99 теңге болып, 1,91 теңгеге төмендеді. Танымал қаржы сарапшысы Айбар Олжаев пен экономист Мақсат Халық бұл құбылыс қашанға дейін созылуы мүмкін екенін айтты.
Айбар Олжаевтың сөзінше, теңге күшейетіні 2025 жылдың соңында-ақ белгілі бола бастаған. Сарапшы мұның себебін АҚШ-тың федераль резерв жүйесінде базалық мөлшерлеме төмен түсуімен, ал елімізде оның жоғары болуымен байланыстырды.
"Базалық мөлшерлеме төмен түскен сайын мемлекеттік облигациялар арзандайды. Осы кезде арбитраж пайда болады да, инвесторлар дамушы елдердің облигацияларына көбірек қарай бастайды. Бұл Credit rating деп аталады", - деді ол.
Сарапшының айтуынша, елімізде базалық мөлшерлеме 18 пайызға жетіп, теңге күшейген, ал облигация кірісі кейде 19 пайызға дейін жетеді.
"Шетелдік инвесторлар теңге облигациясына келе бастады. Демек біздің биржаға долларын алып келіп, теңгеге айырбастағанда, теңге күшейді. Теңгеге сұраныс көп болса, теңге бағамы өседі. Ал долларға сұраныс болса, доллар нығаяды", - деді ол.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, теңгенің нығаюы оның құнды болуынан емес, доллар құнын жоғалта бастауынан. Оның сөзінше, АҚШ-тың федераль резерв жүйесі доллардың пайыздық мөлшерлемесін біртіндеп түсіріп жатыр.
Айбар Олжаевтың сөзіне сенсек, теңгенің күшеюіне тағы бір себеп - ақпанда елімізде cалық төлеу аптасы басталуы.
"Ақпанда салық аптасы басталады. 2025 жылғы 4-тоқсанда барлығы салық төлей бастайды. Соның ішінде доллармен ақша алатын ірі компаниялар бар. Олар өздеріндегі долларды салық төлеу үшін теңгеге айырбастайды, сол арқылы теңге қосымша күш алды", - деді Айбар Олжаев.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша да, қаңтар-ақпан айларында ірі компаниялар мемлекет алдындағы салық міндетін өтейді. Олар мұнайды сату арқылы тапқан пайдасын шетелде ұстайды, кейін оны осында алып келіп, салық төлеу үшін теңге сатып алады.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың сөзінше, бұл жағдай тұрақты емес, кез келген уақытта өзгеруі мүмкін. Оның айтуынша, салық аптасы аяқталған соң доллар 515-525 бағамына қайтып келуі мүмкін.
Ал экономист Мақсат Халықтың айтуынша, ұзақ мерзімде доллардың құны жоғарылап келе жатыр.
"Теңге жыл сайын 10 пайыз көлемінде инфляцияға ұшыраса, ал долларда инфляция мөлшері - 3 пайыз. Салыстырмалы түрде қарасақ, теңге әр жылда 7-10 пайыз деңгейінде долларға қатысты құнын жоғалтып жатыр. Ал бұл алдағы 10 жылға жалғасса, демек белгілі бір дәрежеде осы уақыт ішінде 100 пайызға дейін құнсызданады. Теңге 1993 жылы шыққалы бері долларға қатысты 100 есе құнсызданған", - деді экономист.
Сарапшы қай елдің экономикасы күшті болса, сол елдің валютасы да мықты болатынын айтты.
Десе де, оның сөзінше, доллар мәңгі жарқырап тұрмайды, белгілі бір уақыттан кейін ол да әлемдік нарықтан шығуы мүмкін. Оған балама болатын басқа валюталар да бар: еуро, фунт стерлинг, швейцариялық франк, жапон иені және қытай юані.
Мақсат Халық қытай юанінің амбициясы үлкен екенін және кейінгі уақытта олар өздерінің валютасынан әлемдік валюта жасауға қатты күш салып жатқанын айтты.
Мақала авторы: Руслан Базарбаев
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!