Қазақстанда 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 400 мыңға жуық педагог жұмыс істейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұғалімдер қанша үстемақы алады?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мұғалімдердің 300 мыңға жуығы аттестация қорытындысы бойынша біліктілік санаттары үшін үстемеақы алады.
2020 жылдан бастап Президент тапсырмасына сәйкес педагогтердің еңбекақысы 100%-ға өсті. Сондай-ақ, 2023 жылғы қыркуйектен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артты. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30-35% көлемінде үстемеақы қосылды.
"Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жалақысының мөлшері білімінің, санатының (шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор) деңгейіне және еңбек өтіліне, жүктеме көлеміне, сондай-ақ, еңбек ету жағдайына байланысты қосымша төлемдер, академиялық дәрежесі болуы (10 АЕК), тәлімгерлік етуі, сабақтан тыс спорттық дәрістер беруіне (базалық лауазымды еңбекақыдан 100%) байланысты қалыптасады.
Осылайша түрлі санаттарға байланысты педагогтерге мынадай үстемеақы төленеді:
• Педагог-шебер – 50%
• Педагог-зерттеуші – 40%
• Педагог-сарапшы – 35%
• Педагог-модератор – 30%
Ауыл мұғалімдерінің жалақысы
Министрлік ақпаратына сүйенсек, ауыл мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлініп келеді, олардың жалақысы қалаға қарағанда кемінде 25%-ға жоғары.
Орташа жалақы мөлшері қанша?
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұғалімнің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме үшін (16 сағат) - 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңге болды.
Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметінше, еліміздің педагогтерінің жартысы 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс істеп, айына орташа 581 мың теңге жалақы алады.
Тағы қандай сыйақы төленеді?
Қазақстанда олимпиада жүлдегерлерін дайындағаны және мемлекеттік наградаға ие болғаны үшін мұғалімдерге ақшалай сыйақы беріледі.
2023 жылы 89 педагог мемлекеттік сыйақының лауреаты атанды, сыйақы көлемі 3,6 млн теңге (1000 АЕК) болады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова