Алматы әкімдігі өкілдері кейінгі аптада Алматыға қанша ресейлік келгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала билігі мәліметінше, әкімдік Ресей азаматтары келуіне қатысты арнайы жоспар дайындаған.
"22-27 қыркүйек аралығында Алматы қаласына 5 066 РФ азаматы келіп, 4 172 адам кетті. 894 ресейлік қала аумағында қалды. Бұл біздің қала үшін үлкен көрсеткіш емес. Алматының барлық қызметі түгел қажет жұмысты орындауға дайын. Мемлекеттік органдар заңға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес барлық қажет көмекті көрсетеді. Яғни, ешқандай артықшылық болмайды", - деді Арман Қырықбаев.
Ол барлық мемлекеттік мекеме, әсіресе көші-қон қызметі штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты.
"Айта кету керек, биыл 26 қыркүйекте ЖСН алуға 2070 шетелдік жүгінген. Келесі күні - 1700 адам. Мегаполисте шетелдіктер саны артқан жағдайда азаматтарға кедергі келтірмейтіндей қызмет көрсету үшін қосымша орын бөлінеді.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде қаладағы хостел мен жатақханаларда 1000-нан аса бос төсек-орын бары анықталды. Бұдан басқа, қажет болған жағдайда 2000-ға жуық төсек-орынға орналастыруға болады", - деді Қырықбаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!