- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Доллар бағамы
Кейінгі 30 жылда теңге 100 есе құнсызданды - Ұлттық банк төрағасы
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кейінгі 30 жылда теңге 100 есе құнсызданғанын айтты , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әрине, мойындау керек. 30 жылда теңге 100 есе құнсызданды. Бірақ теңге 90-жылдары көп құнсызданды. Мысалы, кейінгі 10 жылдықты алсақ, теңге 3,5 есе құнсызданды. Бұған көп фактор әсер етеді", - деді ол.
Журналист Ұлттық банк төрағасына нені дұрыс істемей жатқанымыз туралы сұрақ қойды.
"Өте ауыр, концептуал сұрақ, бір сөзбен жауап беру мүмкін емес", - деп қайырды ол.
Айта кетейік, кеше сағат 11:00-де Астанадағы ақша айырбастау орындарында доллар 513,20 теңгеге сатылып, 505,10 теңгеге сатып алынды. Кейбір айырбастаушылар АҚШ валютасын 515 теңгеден сатты.
Бұған дейін экономист Айбар Олжаев теңгенің болашағын болжап еді.
Тимур Сүлейменов Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұру үшін 10 күнде 1 миллиард доллар жұмсалғанын айтты.
Бұған қоса, Ұлттық банк төрағасы "доллар 600 теңгеге жете ме?" деген сұраққа жауап берді.
Алматыда америкалық валюта 512,87 теңгеге сатылып, 507,50 теңгеге сатып алынды. Кейбір ақша айырбастау орындарында доллар 516-518 теңге аралығында сатылып жатыр.
Кейін Ұлттық банк доллар бағамына қатысты мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндірген еді.
Ұлттық банк мәліметінше, бірқатар фактор әсерінен теңгенің айырбас бағамы АҚШ долларына шаққанда 500 теңгеге жеткен.
Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақпен жылдық 15,25 пайыз деп белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция балансын ескере отырып қабылданған.
Анықтама: базалық мөлшерлеме - коммерциялық банктерге Ұлттық банк қысқамерзімді несиелер беретін және коммерциялық банктерден депозиттер қабылдайтын пайыздық мөлшерлеме. Ол азаматтарға берілетін несиелер бойынша мөлшерлемелерді белгілеуде маңызды рөл атқарады, елдегі инфляция деңгейіне де әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме - ел экономикасы мен банк секторы үшін негізгі бағыт. Оның мөлшерін Ұлттық банк белгілейді: арттыруы немесе төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме - елдің ақша-несие саясатының негізгі құралы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек