Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі. Президент сессия барысында тіл мәселесіне тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл.
"Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі. Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді. Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған. Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Расында. олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген "Заң мен тәртіп" қағидатына сай әрекет етуіміз қажет", - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдесіз сыйы.
"Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас. Сондықтан тіл (қандай тіл болса да) бірлік пен өркениеттің өлшемі болуға тиіс. Бүгінгі таңда түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Бұған қалай қуанбайсың? Олар, шын мәнінде, рухани дүниесі бай, бойында талант тұнған жандар. Достыққа дәнекер болған осындай адамдар қашанда жоғары құрмет пен қолдауға лайық. Мемлекет те оларды елеусіз қалдырмайды. Өйткені қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, әлемдік үдерістердің өркениетті, табысты қатысушысы ретінде мемлекетіміздің абырой-беделін асқақтатуға осындай азаматтардың қосар үлесі зор. Бірнеше жыл бұрын менің тапсырмаммен арнайы "Ел бірлігі" ордені тағайындалды. Бұл – ұлт тұтастығын нығайтып, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолында жемісті еңбек еткен жандарға берілетін бәсі биік, айрықша марапат. Конституциялық мәртебеге ие және халық атынан өкілдік ететін ұйым ретінде осы жоғары наградаға лайықты үміткерлерді Қазақстан Халық Кеңесі ұсынғаны дұрыс әрі әділетті деп есептеймін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова