Кейбір спорт федерацияларының құрылтайшылары кландық негізде жасақталған - Бапи

Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи спорт федерацияларына қатысты мәселені көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың сөзінше, қазір жергілікті аймақтық және республикалық спорт федерациялары дербес жұмыс істейді, ал бұл жағдай мүдделер қақтығысына және жауапкершілік салғырттығына әкеп соқтырып жатыр.

Ермұрат Бапи Мәжілісте сынға ұшыраған футбол федерациясы клубтарды алалауға көшкенін де жеткізді.

"Министрлік пен спорт федерациялары арасындағы қарым-қатынасты реформалайтын уақыт келді. Мәселен, кейбір салалық спорт федерациялары "өзім білемдікке" салынып жатыр. Мәжілістің жуықтағы жалпы отырысында депутат Қазыбектің сынына ұшыраған футбол федерациясы футбол клубтарын алалауға кірісті. Мысал үшін Орал қаласының "Ақ жайық" клубы қаржыландырудан қағылып, жабылып қалудың алдында тұр", - деді ол.

Ермұрат Бапидың сөзінше, кейбір спорт федерацияларының құрылтайшылары да кландық негізде жасақталған.

"Ушу және кунг-фу федерациясының құрылтайшылары кландық негізде жасақталып, жекеменшік федерацияға айналып кеткен. Соның салдарынан Әлем чемпионатының жүлдегерлері Қазақстан құрама командасына алынбай, спортшылар спорт әкімшіліктерінің есігін тоздырып, шағымдануға мәжбүр болып жүр.

Сондай-ақ министрлікке қатысты жекелеген арнайы спорт колледждерінде талантты жас спортшыларды алалау деректері кездеседі. Ірі халықаралық турнирге колледж басшыларының "любимчиктері" барады, ал талантты жастар шетқақпай қалады. Ұлттық намыс пен мемлекеттік мүдде әдірем қалған бұл жерлерде", - дейді депутат.

Айта кетейік, Мәжіліс отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды.

Еске салайық, бұған дейін депутат Ермұрат Бапи Туризм және спорт министрлігін сынады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!