Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов кейбір министрліктер құзыретіне кірмейтін жобаларды іске асырып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кейбір мемлекеттік органдар құзыретіне кірмейтін жобаларды іске асыруын жалғастырып келеді. Мысалы, салалық министрліктер бола тұра, Ұлттық экономика министрлігі мәдениет, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, су бұру және автожол салаларындағы жобаларды жүзеге асыруда. Салдары - түпкілікті нәтижеге жету жауапкершілігінің болмауы және екі жақтан қаржыландыру тәуекелдері", - деді Әлихан Смайылов Парламенттің бірлескен отырысында.
Оның пікірінше, көлеңкелі экономиканы қысқарту - бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін маңызды фактор.
"2022 жылы оның үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 18,8 пайызға дейін төмендеген. Сондай-ақ салықтарға қатысты жоспардың 1,4 триллион теңгесі орындалмаған. Осы мәселенің анығын білу үшін біз биыл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында мемлекеттік саясаты тиімділігіне аудит жүргізуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесін алдағы уақытта сіздерге хабарлаймыз", - деді төраға.
Сондай-ақ ол кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет пен банктердің өзара жауапкершілігін біріктіру керегін атап өтті.
"Бизнесті қолжетімді және "ұзақ мерзімді" қаражатпен қамтамасыз ету керек. Ол үшін тиімді ақша-кредит саясатын іске асыру өте маңызды. Сондай-ақ экономиканы дамыту үшін сақтандыруды кеңейту бойынша пәрменді шаралар қажет", - деді Әлихан Смайылов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!