ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті заңсыз ойын бизнесімен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала тұрғыны мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жасырын интернет казино ұйымдастырып, оның жұмысын үйлестірген. Қылмыстық схеманы іске асыру үшін покер ойнауға арналған ("Техас холдем") мобильді қосымша пайдаланылған. Онда Vendetta және AMG600L атты ойын клубтары құрылып, олар Nomad желісіне біріктірілген. Бұл клубтар тәулік бойы жұмыс істеп, Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты елдердің ойыншыларын да тартқан.
Клиент санын көбейту үшін мессенджерлер арқылы мақсатты хабарламалар жіберіліп, түрлі бонустар мен ынталандыру жүйесі қолданылған. Ойыншылар өз есепшотын банк шоттарына ақша аудару арқылы толтырып, соның негізінде ойынға қатысуға мүмкіндік беретін "фишкалар" алған. Ұтқан жағдайда қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, пайдаланушылардың карталарына аударылып отырған. Ұйымдастырушылардың табысы әр ойын үстелінен алынатын 3-5% көлеміндегі комиссия ("рейк") есебінен қалыптасып, тұрақты кіріс әкеліп отырған. Сонымен қатар, ойыншыларды ұстап қалу үшін оларға виртуалды қаражатты қарызға беру тәжірибесі де қолданылған. Қаржыны жасыру мақсатында дропперлердің банк шоттары, соның ішінде шетел азаматтарының шоттары пайдаланылған. Шотын бергені үшін әрбір есепшотқа 100-200 мың теңге көлемінде сыйақы төленген.
"Бұл шоттар бойынша жалпы ақша айналымы 557 млн теңгеден асқан. Сондай-ақ, тінту барысында ұйымдастырушының тұрғылықты жерінен есірткі тәркіленді. Екі күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды", - деп жазылған хабарламада.
Құмар ойындарға қатысушылар кей жағдайда 30 млн теңгеге дейін шығынға ұшыраған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова