"Кейбір той иелері өздері ақша қосып береді". Өктем Алтаевтың гонорары қанша тұрады?

"Кейбір той иелері өздері ақша қосып береді". Өктем Алтаевтың гонорары қанша тұрады?
Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда

Танымал композитор, әнші Өктем Алтаев тойда өнер көрсеткені қанша тұратынын айтты. Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында әңгімеледі.

Өнер иесінің айтуынша, әншіні тойға жиі шақырады, тапсырыстар алдын ала түседі.

"Мені тойға жиі шақырады. Қазақта "той халықтың қазынасы" деген жақсы сөз бар. Тойдың да өзіндік мәдениеті бар. Тойдың да ерекшілігі бар. Той деген қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің, өнерінің нағыз айнасы, ортасы болуы керек. Мен тойды қазақтың әндерінің, өнерінің, ұлттық киімдерінің салтанат құратын ортасы деп білемін. Мен тойға табыс көзі ретінде қарамаймын. Той қазақтың салт-дәстүрінің абыройын асқақтататын құрал. Өзім тойға жиі шығып тұрамын. Тапсырыстар алдын ала беріледі", - деді ол.

Сонымен қатар, әнші гонорарының қанша екенін бөлісті.

"Мен тойдағы гонорарға аса бір қатты көңіл бөлемін деп айтпаймын. Менің тойда өнер көрсетуімнің бағасы, мысалы, бірінші арақашықтыққа байланысты. Яғни, егер мен Алматыда, той басқа өңірде болса, негізгі бағаға ұшақ пен қонақ үйдің бағасы қосылады. Алматыдағы тойға шамамен 500 мың теңгеге шығатын болсам, басқа өңірде бұған жол және жататын жерге жұмсалатын ақша қосылады. Сондай-ақ, гонорардың мөлшерін мен белгілемеймін. Мен бағаға қарамаймын, шынымды айтсам, кейбір кезде тойға қанша теңгеге шығып жатқанымды да ұмытып қаламын. Оның үстіне әр адам әртүрлі. Кейбір той иелері қуаныштан кейін келіскен соманың үстіне ақша қосып беріп жатады. Бұған дейін айтқанымдай, тойды табыс көзіне айналдыратын ойым жоқ", - деді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә