Қазақстандық танымал әнші Айқын Төлепбергеннің шығармашылығында қандай жаңалықтар бар? Соңғы сұхбаттарының бірінде айтқан дінге қатысты даулы мәселеде нені меңзеді? Әншінің ешкімге айтпаған қандай құпиясы бар? Massaget.kz тілшісі Айқын Төлепбергеннің өз аузынан жауап алды.
Айқын Төлепбергеннің кей әншілерден ерекшелігі - әріптестеріне әндерін шырқауға рұқсат беру былай тұрсын, кавер ретінде де айтуға келіспейді. Себебі әндерімді "қатты қызғанамын" дейді ол. Оның сөзінше, әншінің әндерін өзінен асырып әлі ешкім орындамаған.
"Әндерімді көп ешкімге бермеймін. Ол менің ғашық қызым сияқты ғой. Қатты қызғанамын. Ешкімге бермеймін. Кавер қылып айтып, онымен тағы тойға шығып жүрсе, мүлдем дұрыс емес. Оның үстіне түпнұсқадан асырып, ешкім айта алмайтын да секілді. Батырхан Шүкенов те сондай болған екен. Көзі тірісінде әндерін ешкімге бермеген. Кейін әндерім, бәлкім, ескіріп жатса, кавер жасауға болатын шығар", - деді әнші.
2022 жылы Айқын Төлепберген әлеуметтік желіде қала әкімдігіне Көктөбе мұнарасына қатысты мәлімдеме жасап, қала символына айналған ғимараттың безендірілуін ұсынған еді. Қоғамдық резонанс тудырған бастамадан кейін 2 жылдан соң, яғни биыл Көктөбе ғимараты жарықшамдармен жарқырады.
"Көктөбе қазір өте әдемі болып тұр. Бірақ 1,2 миллиард теңге тым артық сияқты. Артық шығын қылмай, оның орнына басқа да қаланың кем-кетік тұстарын түзегеніміз дұрыс болар еді. 1,2 миллиард деген артық шығын сияқты. Мәселен, қазір Алматыдағы Тимирязев көшесі үнемі кептелістен көз ашпайды. Сол жаққа "Атакент" сауда орталығының маңына тағы бір көше жіберсек, кептелістер азаяр ма еді деген ойым бар", - деп қосты ол.
Әншінің соңғы берген сұхбаттарының бірінде дінге қатысты айтқан пікірі қызу талқыға түскен болатын. Өз сөзінде ол діни уағызшылардың арасында домбыраны, музыканы харам деп жүргендерге көзқарасы теріс екенін жеткізді. Оның сөзінше, тіпті мұндай адамдардың насихатына тыйым салынуы керек.
"Дінге қатысты айтқан позициямнан таймаймын. Домбыраны харам дейтін уағызшылардың көзін құрту керек. Олардың насихатына тыйым салу керек. Біздің мәдениетімізге, ұлттық мүддемізге қарсы шығатындарды мен түсіне алмаймын. Біз бірінші орында - қазақпыз, содан кейін барып қана мұсылманбыз. Егер біз мұсылмандықты бірінші орынға қоятын болсақ, онда араб болып кетеміз", - деп жауап берді ол.
Әңгіме барысында әнші биыл қандай жаңалықтар болғанын және алдағы уақытта шығармашылығында болатын тың өзгерістер жайлы бөлісті. Сондай-ақ ол отбасымен бірге әзірге Жаңа жылды қалай қарсы алатынын жоспарламағанын қосты.
"Жақында Жұлдыз екеуміздің (Жұлдыз Өмірғали - ред.) "Жұлдызым" әніне жасаған каверіміз және клипіміз жарыққа шығады. Клип ерекше болмақ. Онда біздің тойға дайындық сәтінен кадрлар, махаббат көріністері болады. Ал "Жұлдызым" әнін көбі Нұрлан мен Мұраттың орындауында біледі. Біз сол әнді қайта өңдеп шығардық. Жаңа жылға келер болсақ, әзірге нақты бір жоспарымыз жоқ. Бәлкім, алдағы уақытта шет елге шығып қалармыз. Әзірге Алматыда, отбасымызбен болсақ деген ойымыз бар", - деп жауап берді ол.
Айқын Төлепберген меломан тыңдарман екенін айтты. Ән тыңдауда жанр талғамайды. Ал киноға келгенде фантастика жанрын жақсы көреді. Massaget.kz тілшісіне биыл ең көп тыңдаған бес әні мен сүйікті фильмдерін атап берді.
Айқын Төлепбергеннің ТОП-5 сүйікті әні:
Сүйікті фильмдер тізімі:
Айқын Төлепберген - қазақстандық танымал әнші. Ол 1982 жылы 10 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Өнерден алыс отбасыда дүниеге келгенімен, өнерге өмірімді арнаймын деген Айқын Төлепберген бала кезінен музыкалық талантын көрсетіп, домбырада ойнап, ән айтуды үйренген. Кейіннен ол техникалық білім алып, КазНИТУ-да инженер-полиграфист мамандығын меңгеріп шығады. Алайда мақсаты биік, арманы "айқын" Айқын Төлепберген шығармашылық жолды таңдап, эстрадаға бет бұрды.
Қоса кетейік, биыл Айқын Төлепберген бірнеше маңызды оқиғалармен көзге түсті. Ол әйелі Жұлдыз Өмірғалимен 9 жылдық қарым-қатынастан кейін үлкен үйлену тойын өткізді. Бұл тойға 300-ге жуық жұлдыз қатысып, аста-төк дастарқан жайылды. Той халықтың назарын аударған басты оқиғалардың біріне айналды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!