- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Кеудесін ұстап, ішкиіміне...
"Кеудесін ұстап, ішкиіміне қолын салған". Ақсуда жаттықтырушы 13 жастағы қызды зорламақ болды деген күдікке ілінді
Ақсуда дзюдодан жаттықтырушы жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасады деген күдікке ілінді. Полицейлер сәуірден бастап бұл іс бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал әжесінің сөзінше, істі созып жіберген. Бірнеше сараптама жасап, жауап алынса да еш нәтиже жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі irbistv.kz-ке сілтеме жасап.
Ботагөз Рамазанованың айтуынша, немересі спорт мансабын аяқтауға мәжбүр болған. Бұған жаттықтырушысының жасаған арам әрекеттері себеп болған. Бұл тіпті бірнеше айға жалғасып, наурызда белгілі болған.
"Денесіне қол тигізіп, кеудесін ұстап, ішкиіміне қолын салған. 15 наурызда жаттығудан үйге уақытында келмеді. Мен шошып, оған қоңырау шалдым. Ол телефонға жауап бермеді", - дейді қыздың әжесі Ботагөз Рамазанова.
Әжесінің айтуынша, сол күні жаттықтырушы 13 жастағы қызына қатысты жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасаған. Бала бірден айтпаған. Тек сәуірде полицияға шағым жазған, алайда іс әлі күнге дейін бір орында тұр.
"Балам айтқан әрбіз сөзді, әр фамилияны өзіне қарсы пайдаланып жатыр. Тергеу тарабы осылай жасап жатыр. Менің ойымша, біздің қалада адам өлтіру секілді ауыр қылмыс болса да, түбіне жете алмайтын сияқты. Ақылға қонымсыз", - дейді қыздың әжесі Ботагөз Рамазанова.
Бұл іске қатысты облыстық ПД өкілдері де пікір білдірді.
"Қазір іс-бойынша барлық жедел тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Істі толық, жан-жақты әрі әділ қарауға бағытталған жұмыс жүріп жатыр. Нәтижесі бойынша заңды процестік шешім қабылданады", - деп мәлімдеді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Жанна БЕЛЯЛОВА.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қылмыстық іс "Педагогтің кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасау" бабы бойынша қаралып жатыр. Бұл бап бойынша күдікті 17-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек