"Кеткіміз келмейді". Оңтүстіктен көшкендер теріскейдегі жағдайы туралы айтты

Түстіктегі қазақтың теріскейге көш түзеуі 2017 жылы басталған. Мемлекеттік "Еңбек" бағдарламасының "Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру" атты үшінші бағыты 2021 жылға дейін жалғасты. Сол аралықта жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге 735 отбасы (құрамында 1977 адам) қоныс аударды. Еліміздегі еңбек күшін реттеуді мақсат еткен көштің бұйдасы үзілген жоқ. 2022 жылы ол "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында жүзеге асырыла бастады. Солтүстікті бетке алып, сонда орнығып қалған жандармен Massaget.kz тілшісі.

Жасы алпысқа таяған Сәуле Сүйінова Солтүстік Қазақстан облысына алты жыл бұрын Шымкенттен отбасымен барған. Оған дейін үлкен ұлы үй ішімен көшкен екен.

"Көші-қон бағдарламасы туралы жергілікті тұрғындардан 2017 жылы естідік. Кейін тұңғышым мен келінімді балаларымен бірге көшіру ниетім пайда болды. Сол жылы тамыз айында ұлым солтүстікке барып, көріп, жағдаймен танысып қайтты. Ұнатты. Кейін бала-шағасын алып Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының Ковыльное ауылына қоныс аударды. Сондағы «Ақселеу» шаруашылығының басшысы Серік Малаев дәнекерлеуші етіп жұмысқа қабылдады. Екі-үш айдан кейін жолдасым «балалардың жағдайын біліп келейін» деп кеткен. Ол да ауылды мақтап келді. "Біз де көшеміз" деді. Студент ұлымды қарашаңырақта қалдырып, 2018 жылы сәуірде жолдасым, ұлым, қызым бар, біз де солтүстікке қоныс тептік", - деді Сәуле апа.

Барған бойда үлкен ұлы да, өздері де үйлі болған. Жұмыс жөнінен де қолдау көрген. Кейіпкеріміз солтүстіктің ауа райы да, адамдары да өте жайлы болғанын айтып отыр.

"Облыс орталығынан алыс демесең, Ковыльное ауылы өзімізге жайлы тиді. Отағасы екеуміз зейнет жасына жетіп қалдық. Бірақ үйренген орнымызды суытқымыз келмейді. Уәде етілген мемлекеттік қолдауға қол жеткіздік. Қолымнан келсе, оңтүстіктегі үй-жайы, жұмысы жоқ отбасылардың осында көшуіне атсалысар едім. Маған бағдарламаның насихаты аз сияқты көрінеді. Көпшілікке көшуге қолайлы жерлерді анықтап айтса екен. Пәтер ауыстырып шаршаған жастар мүмкіндікті пайдаланса екен", - деді бағдарламаның шарапатын көрген ауыл тұрғыны.

Ал Әдемі Жаймаханова күні кешеге дейін Қызылорда облысы Қазалы ауданының Бірлік ауылында тұрған. Ауылда екі қолға бір күрек таппаған соң жас отбасы мемлекет ұсынған тәуір мүмкіндіктен айырылғысы келмепті.

"Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Федосеев ауылына 2021 жылы көшіп келдік. Жолдасым дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын, өзім аспаздықты бітіргенбіз. Өкінішке қарай жолдасым сырқаттанып қалды. Өзім мектепке тазалықшы болып орналастым. Келгенімізге өкінбейміз. Ауа райы ұнады. Біздікіндей ыстық жоқ", - деді Әдемі.

Кейіпкеріміздің мақтауы өзгелерге өткен сияқты. Артынша інісі мен келіні де келіпті.

"Інім мал шаруашылығын қолға алды. Келінім медбике болып жұмысқа орналасты. Апамыз бен жездеміз, тәтеміз де қоныс аударды. Тәтеміз ауылдан дүкен ашып, мал жинап, жағдайын жақсартып алды. Өзім де бос уақытымда торт, бәліш пісіріп, қосымша нәпақа табамын. Бірге көшіп келген он шақты отбасы араласып тұрамыз. Мұнда мамандық бойынша жұмыс табуға болады. Ауызбіршілігі мол ауылға келгеніме қуанамын", - деді ол.

Көші-қон комитетінің мәліметінше, 2024 жылы бағдарлама аясында 7 мың квота бөлінген. Квотаға қатысқысы келетіндер 7 өңірдің бірін таңдай алады. Олар - Қарағанды, Абай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. Биылғы қаржылай қолдау көлемі отбасындағы әрбір адам үшін 258 мың теңге болып бекітілді. Бұл бір рет беріледі. Ал үйді қоныс аударушы өзі сатып ала алады. Оның 4 млн 282 мың теңгесін мемлекет өтейді.

Назерке САНИЯЗОВА

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз