- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Кетемін, спортшы ретінде...
"Кетемін, спортшы ретінде өнер көрсетпеймін". Өз-өзіне қол жұмсаған ауыратлет Седов ел есінде қалай қалды?
Танымал қазақстандық ауыратлет Владимир Седов өз-өзіне қол жұмсады. Оның денесі тұрғылықты жерінен табылды. Massaget.kz тілшісі спортшы туралы деректерге шолу жасады.
Владимир Седов кім?
Владимир Владимирович Седов 1988 жылы 2 наурызда Үштөбе қаласында дүниеге келген. Ол 35 жаста еді. Владимир Седов - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қатысушысы, Қазақстан Республикасының төрт дүркін чемпионы, 2010 жылғы Қазақстан чемпионатында рекорд орнатқан (413 келі). Табысты өнер көрсеткені үшін "Құрмет" орденімен марапатталған.
Ол 17 жасынан бастап-ақ спортта ірі жетістіктерге жете бастаған. Ауыр атлеттің жұлдызды кезеңі 2009-2016 жылдар аралығында болды, ол әлем чемпионаттарында бірнеше медаль жеңіп алды. 2005 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының үздік ауыр атлеті атанды. 2005 жылы 77 келіге дейінгі санаттағы жасөспірімдер арасында рекорд орнатты (153 келі серпіліс). 2005 жылы жастар ойындарының алтын жүлдегері атанды. 2006 жылы Қазақстан Республикасы чемпионатында бірінші орын алды. 2008 жылы Қазақстан Республикасы чемпионатында бірінші орын алды. 2016 жылғы Азия чемпионатында бірінші орынды иеленді.
Допинг дауы
Бірнеше жылға созылған жеңісті сәттерінен кейін спортшыдан допинг табылды. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы оны барлық медалінен айырды. 2018 жылы ауыратлет Владимир Седов допинг сынамалары оң нәтиже көрсеткені үшін дисквалификацияланды. Ол 2008 жылғы Олимпиададан бастап оң допинг сынағы үшін жазаланды. 2016 жылғы маусымда қайта тексерістен кейін оның сынамасынан станазолол табылды. Сол ойындарда Седов төртінші орынға ие болды, бірақ Халықаралық Олимпиада комитеті оның нәтижесін жойды. 2006 жылдан 2008 жылға дейін ол тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін дисквалификацияны өтеп үлгерді. Седовтың кейінгі дисквалификациясының мерзімі сегіз жыл болды. Ережеге сәйкес, оның мерзімі сәтсіз сынама жарияланған күннен бастап, яғни 2016 жылғы 1 тамыздан бастап есептелді, ал ол 2024 жылғы 1 тамызда аяқталуы керек еді.
Седов 2016 жылғы маусымнан бастап жарысқа қатысқан жоқ. Сол кезде оның Қазақстан чемпионатына қатысуына байланысты жанжал туындады. Ол алаңға шықты, бірақ штанганы көтермеді, оның орнына футболкасын шешіп тастап, оны лақтырып, "міне, нағыз Олимпиада чемпионы" деп айғайлап кетті.
Кейінірек футболкада ресейлік ауыр атлет Александр Иванов бейнеленгені белгілі болды. Ол Лондондағы 2012 жылғы Олимпиадада қазақстандық Илья Ильиннен жеңіліп, екінші орын алды.
Седов Илья Ильинге қатысты бірқатар мәлімдеме жасады. Бәрінен бұрын Седов команданың бас жаттықтырушысы Алексей Ниді сынға алды. Ол оны 2008 жылғы Олимпиадада нашар нәтиже көрсетті деп айыптады, командадағы жағдайды "отбасылық бизнес" деп атады. Сонымен қатар, 2007 жылы оның атына 250 мың доллар ипотека алғанын айтты. Ал Илья Ильин сұхбаттарының бірінде Седовқа қатысты пікір білдірген еді.
"Мен оған ризамын. Ол мені әрқашан қарсылас ретінде көрді. Ол екінші орынға ие болып, құрметті жаттықтырушы атанды. Біз қол алысып, ол ұлттық құрамадан кетті. Ол өзінің жаттықтырушысымен жұмыс істеді. Мен осындай нәрсе болатынын және ол психологиялық тұрғыдан шыдай алмайтынын топшыладым.
Одан мұны не үшін жасағанын сұрадым. Ол ақылға қонымсыз жауап берді", - деген еді ол.
Жеке өмірі
Спортшы Instagram-парақшасында 2009 жылғы естеліктерді жариялаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сондай-ақ, пікірлерде немен айналысып жүргенін айтқан.
"Сәлем, Володя. Спортпен қалай болып жатыр? Штанга көтеріп жүрсің бе? Ұлыңды дайындап жүрсің бе" - деп сұраған оқырмандарының бірі.
"Сәлем, Тұрар. Қазір жоқ, жаттығуларды таңертең ғана істеймін, ұлым әлі кішкентай" - деген ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Кінәм жоқ". Седовтың сұхбаттарынан
Ауыратлет сұхбаттарында өзінің кінәсіз екенін мәлімдеген еді.
"Менің қаржыммен бұл шешімге немесе басқа нәрсеге шағымдануға рұқсат етілмейді. Егер мемлекет көмектессе, әрине, барамын және өзімнің кінәм жоқ екенін дәлелдеймін. Ешқашан допинг қолданған емеспін", - деген еді Седов.
Кейінірек Владимир Седов Рио-де-Жанейродағы 2016 жылғы Олимпиада ойындарына арналған іріктеуге қатыспайтынын мәлімдеді. Ал бұған дейін ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни "Седовқа тағы бір мүмкіндік беруді шешкендерін" айтқан еді.
Алайда Седов карьерасын аяқтауды ойлап жүргенін жеткізген болатын.
"Шамасы, оған қысым жасалды, ал қазір ол мені барлығының алдында, бүкіл елдің алдында масқаралағысы келеді. Өнер көрсетпеймін, өйткені дайындық жоқ. Тағы бір бастама жасаймын да, спорттан кетемін. Кетемін және спортшы ретінде өнер көрсетпеймін", - деген болатын Седов.
Еске салайық, бұған дейін танымал қазақстандық ауыратлет Владимир Седов өз-өзіне қол жұмсағаны хабарланған еді. Жетісу облысы Полиция департаменті мәліметінше, 26 маусымда сағат 22.05 шамасында Седов Владимир Владимирович суицид жасағаны туралы хабарлама түскен. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелген. Қайғылы жайтты Ауыр атлетика федерациясы да растады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова