Кеше Киев орталығында жарылыс болды. 9 қазанға қараған түні Запорожьеге де Ресей әскерінің жаппай зымыран соққысы жасалған еді. Massaget.kz тілшісі осы оқиғалардан кейін әлем әлдері қандай реакция білдіргеніне шолу жасады.
Зеленский Байденмен сөйлесті
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Джо Байденмен телефон арқылы сөйлесті. Украина президенті әңгіме нәтижелі болғанын айтты.
"Талқылаудың басты тақырыбы әуе қорғанысы болды. Қазір бұл - қорғаныс ынтымақтастығымыздың бірінші міндеті. Америка көшбасшылығы Украина үшін G7-нің қатаң ұстанымы мен БҰҰ Бас Ассамблеясындағы қарарымызды қолдау мәселесінде өте маңызды", - деп жазды Зеленский Instagram-да.
Ресейлік зымыран соққылары "лаңкестіктің" бір түрі - ЕҚЫҰ
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Украинаның ірі қалаларына жасалған ресейлік зымыран соққыларын халықаралық құқықты бұзатын "лаңкестіктің" бір түрі екенін атады.
"Бұл сұмдық соғыс әрекеттері халықаралық құқыққа, соның ішінде гуманитарлық құқыққа толық бағынбау мен құқықбұзушылықты білдіреді. Бұл қатыгез әрекеттердің бірден-бір себебі - лаңкестіктің таралуы мен осындай және стратегиялық мақсаттарға жетудегі сәтсіздіктердің орнын толтыру", - делінген ЕҚЫҰ басшыларының мәлімдемесінде.
БҰҰ Ресейдің жасырын дауыс беруге шақыруын қабылдамады
БҰҰ Бас Ассамблеясы Мәскеудің Украинаның төрт аймағын Ресейдің аннексиялауын айыптайтын қарар жобасы бойынша жасырын дауыс беру туралы үндеуін қабылдамады. 193 мүшенің 107-сі қарар жобасы бойынша жасырын дауыс беруге қарсы дауыс берген. 13 ел Ресейдің ұсынысына дауыс берген, ал 39-ы қалыс қалған.
ЕО елдері Ресейдің Украина нысандарына жасаған соққыларын айыптады
Еуропа Одағының сыртқы саясат ведомствосы басшысының баспасөз хатшысы Жозеп Боррел Петерсон Ресейдің азаматтық инфрақұрылымға соққылары "халықаралық гуманитарлық құқыққа қайшы келетінін" мәлімдеді.
"Бейбіт тұрғындарға кездейсоқ шабуыл әскери қылмысқа тең", - деді ол.
Боррел Twitter-де Ресейдің әрекетіне "ХХІ ғасырда орын жоғын" жазды, Украинаға қосымша әскери қолдау "жолда" екеніне де уәде берді.
Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Лейен соққылардан "есеңгіреп, шошып кеткенін" айтты.
"Ресей тағы да бүкіл әлемге өзін көрсетті... лаңкестік пен қатыгездік", - деді фон дер Лейен.
АҚШ соққының "қатыгездігін" айыптады
АҚШ президенті Джо Байден соққылар Ресейдің "заңсыз соғысын", "қатыгездігін көрсететінін" мәлімдеді.
"Осы соққылардың салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тауып, жарақат алды, азаматтық нысандар жойылды. Біз Ресейді басқыншылығы үшін жазалауды жалғастырамыз", - деді ол.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "Кремльдің жантүршігерлік соққысынан кейін Украинаны қолдайтынын" растады.
Байден Украинаны қолдау үшін G7-мен кездеседі
Ақ үй мәліметінше, АҚШ президенті Джо Байден Украинаны қолдау үшін "Үлкен жетілік" (G7) елдерінің басшыларымен виртуалды кездесу өткізеді. Мәлімдемеде көшбасшылар Ресей президенті Владимир Путинді Мәскеудің Украинадағы әрекеттері, соның ішінде зымыран соққылары үшін жауапкершілікке тарту туралы міндеттемелерін талқылайтыны айтылған.
Ресейлік соққылар "халықтың қоныс аударуына" әкелуі мүмкін - БҰҰ
БҰҰ-ның босқындар жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди Украинаның бірқатар ірі қаласына ресейлік соққылар жасалғаннан кейін халық үйлерін тастап кетуге мәжбүр болуы мүмкін деп ескертті.
"Бүгін Украинада болған оқиға сұмдығы... кешірілмейді. Бейбіт тұрғындарды, үйлерді бомбалау.... соғыстың бейбіт тұрғындар үшін одан әрі қиындай түсетінін білдіреді", - деді Грунди.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!