Журналист Жарас Ниязбек Facebook-парақшасында әлдекімдер хабарласып, ұтысқа қатысу мүмкіндігі барын айтқанын жазған. Ол мұндай алаяқтарға алданбауға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Оның сөзінше, белгісіз біреу Қазпочта бөлімшесіненмін деп хабарласқан.
"Сақ болыңыздар. Алаяқтықтың жаңалау түрі! Кешкісін телефонға қоңырау түсті.
- Алло, Жарас Ергө….? (Ары қарай тілі келмеді. Айта алмады)
- Тыңдап тұрмын. Бұл кім?
- Аға, Жансая деген қарындасыңыз. Сіз Қазпочтамен тапсырыс беріп жүрсіз бе?
("Жоқ" деп айтсам, әңгіме үзіліп кетер деп "иә" дедім! Қуанып кетті)))
- Аға, сіз "золотой клиент" атанған жеті адамның бірісіз. Ұтысқа қатысасыз. Басты жүлде - Kia Rio. Сосын 1 миллион теңгенің тұрмыстық техникасын ұта аласыз.
- Сосын. Қайда, қанша ақша салу керек?
- Жоқ, тыңдаңыз. Әуелі қазір сізге SMS жіберемін. Артынша Kaspi-іңізге төлем жасау үшін шот жіберемін. Мен айтқан Қазпочта бөлімшесіне барып, тегін фитнес браслетті алып кетіңіз.
- Тегін бе?
- Әрине, әуелі сайтқа тіркеліп кетіңіз. Сонда ұтысқа қатысасыз. Ол үшін 11 мың теңгені төлей салыңыз.
("Жарайды" дедім қызық болсын деп)
5 минут өткенде Kaspi қосымшаға "ты-дың" деп төлем келді скринін салдым. 11 000 теңге. Сатушы bsam.perf деп көрсетілген. Оларда демек Kaspipay бар. Артынша Жансая звондады.
- Аға, сізге төлем жібердім. Төлей саласыз ба? Тіркеп жіберейін. Мен осы номерде боламын. Кез келген сұрақпен хабарласа беріңіз.
- Қазпочтаның басты офисіне звондадым. Олар ешқандай ұтыс өткізіп жатқан жоқпыз деді.
5 секунд үнсіздік.
- Қай бөліміне звондадыңыз?
- Басты офиске.
- Қандай телефон? Ол телефонды қайдан алдыңыз?
- Гуглдан!
- Қазір мен оларға хабарласып білейін", - деп келтірген ол алаяқпен арадағы диалогты.
Журналист кейін ол хабарласпай қалғанын айтады.
"Бітті, осыдан кейін Жансая жоқ болды. Қайта звондасам, ешкім көтермейтін телефон. Даусы да жағымды. Сондай сыпайы. Барынша жанашыр. Сенің ұтқаныңа қуанып тұрған кейіп танытады. Оңбағандар! Қаншама адамды сан соқтырды екен? Байқаңыздар! Ешқандай ұтысқа сенбеңіздер! Ақша аудар десе, тіпті сенбеңіздер!" - деп жазған ол Желіде.