Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Біздің сауалымыз басқа еді, бірақ мен бүгінгі дін жайлы маңызды тақырыпта сөйлесем деймін. Құрметті әріптестер, діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті!Өйткені олар ұлтты жою күресін қатты қарқынмен жалғастырып жатыр. "Ақ жол" партиясы парламентте талай жылдан бері діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды ұсынып келеміз", - дейді депутат.
Қазыбек Иса 2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда тек Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалғанын айтады.
"Мен мұны сол кезде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған конференцияда "Радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға тек сіздер ғана қарсы болдыңыздар! Арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапқан болса, ол қайта қаулап шыға береді. Сіздер осылай елді алдап келесіздер!" – деп, ашық айттым. "Қазақ үні" газетіне: "Ұлттық қауіпсіздік комитеті - ұлтқа қауіпті комитет пе?" - деген мақала да жаздық. Енді сол күдігіміз кешегі қаңтар қасіретінде расқа айналды", - дейді мәжілісмен.
Депутат 2009 жылы да дін заңына өзгерістер енгізілетін болып, "Қазақ үні" газетінде Діни басқармамен бірігіп, заңға діни ағымдарға тыйым салатын бап енгізу мәселесін көтергенін жеткізді.
"Бірақ соның өзінде біздің сол кездегі солқылдақ билік осы тыйым салу бабын енгізе алмады. Сол кездерде сол заңдар қабылданғанда, содан кейінгі, ақыры Қаңтардың қанды қасабына айналған небір қайғылы оқиғалар, бір ұлттың діни теріс ағымдар арқылы екіге бөлінуі секілді қасіреттер болмас еді… Кезінде академик Рахманқұл Бердібай "Қазақ үні" газетінде жазғандай, "Хазария қасіретін" ұмытпайық! 7-10 ғасырларда өмір сүрген, еліне барлық діни ағымдарды кіргізген, көп дінді, көп тілді ел, билігінен бастап, саудагерлеріне дейін өзге тілде сөйлеген Хазариядай түркі мемлекеті қазір қайда? Картада жоқ!-Жойылып кетті. (...) Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, Мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажет! Бұдан кейін кеш болады!", - дейді депутат.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз