Керекудің шұрқ тесік көшелеріне көлік жүргізушілерінің наразылығы күшейіп тұр

Керекудің шұрқ тесік көшелеріне көлік жүргізушілерінің наразылығы күшейіп тұр

Көктем келіп қар ерігелі Кереку көшелерінің кем кетіктері көзге көріне бастады. Шұрқ тесік тасжолдан көлік жүргізушілері мезі болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қыста қар басып жатқан кезден тасжолдың шұңқырлары білінбейтін. Күн жылынып, көше қарғын суға толған кезде көлік жүргізушілері оңбай опық жейді. Өйткені суға толған ойық шұңқырлар білінбейді. Темір тұлпарымен жүйткіп келген жүргізушілер көліктерін "тарс" еткізіп ұрғанда барып тілін тістеп, биліктегілерді бір сыбап алатыны жасырын емес. Павлодар көшелері былтыр ғана жамалған, бірақ көктем шыға су езіп жіберіп, тасжолдың беті ойылып қалған.

Былтыр күрделі жөндеу жасалған көшелердің ғана жағдайы қалыпты. Ал қаланың көп бөлігінде аяқ алып жүргісіз. Салдарынан осы кезде көліктер көп бұзылып, жол апаты да жиі орын алып жатыр.

Павлодар қаласы әкімдігі мәліметінше, 2022 жылы облыс орталығында 12 магистраль көшені жөндеу жоспарланған болатын. М. Катаев көшесінен басқа 11 көше бойынша жұмыстар толық аяқталды. Катаев көшесі мердігер ұйымның орындаған жұмыстарының сапасыздығына байланысты қабылданбаса, жүргізілген жұмыстар үшін ақшалай қаражат төленбеген. Сот шешімі бойынша мердігер ұйым дұрыс әрекет етпеген деп танылған.

Сонымен қатар, үнемделген қаражат есебінен теміржол вокзалынан Бұқар жырау көшесіне дейін, Торайғыров көшесіне тасжол төсеу жұмыстары жүргізілді. Биыл жалпы ұзындығы 22,3 шақырым болатын 9 көшеге тасжол бетон жабынын төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, биыл ұзындығы 35,6 шақырым топырақ жамылғысы бар жеке сектордағы 55 көше мен тұйық көшелерге тасжол төсеу көзделген.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы