- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Керекудің әйгілі қызғылт...
Керекудің әйгілі қызғылт көлінің бүгінгі күйі аяныш туғызды - Фото
Павлодар қаласынан қозыкөш жердегі Коряковка деп аталатын әйгілі қызғылт көл құрғап барады. Тұзды көлдің кей жері сорға айналып, шаңы шығып жатыр. Эколог мамандар, су айдыны Астана іргесіндегі Көбейтұздың кебін кие ме деп қауіптенеді. Massaget.kz тілшісі мәселенің мәнін білу үшін сарапшылармен және ауыл тұрғындарымен тілдесіп қайтты.
Павлодар қаласынан солтүстік шығысқа қарай 17 шақырым қашықтықта Коряковка ауылы орналасқан. Елді мекеннің іргесінде ауылмен аттас тұзды көл бар. Әлбетте, жұртты қызықтыратын оның тұзы емес қызғыл түсі. Әсіресе, жазды күні айдынның беті алқызыл түске боялады. Алайда, биыл көл қызғылт түрінен айырылып қалды. Өйткені көлдің суы құрғап бір бөлігі сортаңға айналған.
Коряковка тұрғыны Раушан Құсайынқызы Коряковка ауылында тұрып келе жатқанына 60 жылдың жүзі болды. Күні кешеге дейін адамның аяғы үзілмейтін көлдің қазіргі жағдайы жанына батады.
"Үш жылдан бері қыс болған жоқ. Қар жоқ, жаңбыр жоқ. Сол себепті осындай. Бұған дейін кей жылы қызарады кей жылы ол жоқ боп кетеді. Коронавирус болған жылы күшті қызғылт болды", - дейді ауыл тұрғыны Раушан Құсайынқызы.
Биыл жаз Павлодар облысында 83 жыл болмаған аптап ыстық ұрып тұр. Өңірдің бірқатар ауданында егін күйіп, даланың шөбі қурап қалды. Мамандар, көлдің сортаңы шығып кеуіп қалуын осы қуаңшылықпен байланыстырады. Ал, жауапты министрліктен көлді қорғауға қаражат бөлінбепті.
"Министрлік тарапынан бұл көлді қорғауға ешқандай қаржы қарастырылмаған. Артемий құрты бұл жерде жоқ. Сондықтан жануарлар әлемі үшін де, экологиялық тұрғыдан да еш қатері болмайды", - дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу комитеті төрағасының орынбасары Ермек Омаров.
Көлдің қызғыл түске боялатыны су астындағы өсімдіктердің әсерінен. Су тартылып тұзы шығып қалған соң өсімдіктер де қурап қалды. Егер су толып бұрынғы қалыпқа келер болса, айдынның қайтадан қызғыл кейіпке келетінін экологтар жоққа шығармайды.
"Көлдің суы аса терең емес. Сол себепті қатты ыстықта айдын буға айналып құрғап қалады. Мұнда аса тұзды суда өмір сүретін өсімдіктер бар. Солар қызғылт түс береді. Су құрғап қалған соң ол да жоқ. Егер, көл қайтадан қалпына келетін болса өсімдіктер де жанданып қызғылт түсін береді", - дейді ҚР Экологиялық аудиторлар палатасының мүшесі Ахан Өмірбек.
Естеріңізде болса, 2020 жылы Астана маңындағы қызғылт бояулы Көбейтұз көлі дәл осындай күйге түскен. Ал, 2021 жылы су айдыны мүлде құрғап қалды. Сондықтан да, туристерді тартатын енді қалған жалғыз қызғыл көлімізден айырылып қалмасақ болғаны.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы