- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Кептердің бағасы 1...
"Кептердің бағасы 1 миллион теңгеге дейін жетеді": түркістандық тұрғынның 200-ге жуық құсы бар
Түркістан облысы Майлыбұлақ ауылында тұратын 50 жастағы Дәулеткерей Төртбаев 5 жасынан бері көгершін асырайды. Қазір үйінде 200-ге жуық кептер-көгершін бар. Бірін балапан кезінен бағып-қағып асыраса, енді бірін қанаты сынып, жарақат алған жерінен тауып алып, емдеп-жазып, қатарға қосқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Құстарға қамқорлық көрсетіп келе жатқанына 45 жылдай болған азамат бұл қызығушылық қайдан туындағанын айтты.
"Атам Қобал құсбегі, итбегі, атбегі болған. Атамның құсқа деген құштарлығы маған берілген. Құсқа қызығушылығым 5 жасымда басталды. Содан бері бір сәт тоқтатпай, құс өсірумен айналысамын. Күнде таңертең сағат 5-те оянып, құстарыма қараймын. 3-4 сағатым соларды тамақтандыруға кетеді. Күтімін жасап, дәрісі мен дәрумендерін беріп, кептерхананы тазалаймын. Түнгі сағат 12-ге дейін құстарға қараймын. Үйімде құс ұстайтын үлкен қоршауым бар", - дейді ол.
Оның сөзінше, құс өсіруге ерекше мінез, шыдам керек.
"Құстар да әлі тілі шықпаған бала сияқты. Ауырған жерін айта алмайды, қарны ашқанын түсіндіре алмайды. Құс өсіру үшін оның тілсіз тілін түсініп, жағдайын сезінуің керек. Құстың хал-ахуалын мөлдіреп тұрған көзінен білуге болады. Құсты тек шыдамды әрі мейірімді адам ғана асырай алады. Менің асырап отырған құстарымның көбін балапан кезінде ата-енесі тастап кеткен. Сондай балапандарды тауып алып, "ботқа" беріп, аяқтандырамыз. Балаға тамақ бергендей, "пипеткамен" тамақтандырамыз. Бір балапанға тамақ берудің өзі жарты сағат уақыт алады", - дейді өңір тұрғыны.
"Құстардың қанаты сынып, жараланып қалады. Мұның негізгі себебі - қаршыға сынды жыртқыш құстар оларды соғып, қанатын сындырып кетеді. Жаралы құстарды қаладағы ветеринарияға алып келіп емдетемін. Олар операция істеп, тігетін жері болса, тігіп береді. Жыртқыш құстан бөлек, олардың негізгі жауы - ауру. Күз бен қыста қатты ауырады. Құстарым емделіп, кептерханаға кіріп-шығып не ұшып кетіп, қайта ұшып келгенін көргенде қуанып, көз жанарым демалады. Осылайша "адам қатарына қосамыз" дегендей, оларды құс қатарына қосамыз", - дейді ол.
Суреттер: otyrar.kz
Ол құстарға көп шығын кететінін де жасырмады.
"Құс асырау - көп шығын. Оған кейбір адамның айлығы жетпеуі мүмкін. Қазір 200-ге жуық кептерім бар. Соның тек жеміне 30-40 мың теңге кетеді. Олар құр бидай жей бермейді. 7-8 түрлі жем жейді. Ал бұдан бөлек витамині, басқа да дәрі-дәрмегіне де қаражата кетеді. Онысы қымбат болады. Бізде сатылмайды, шетелден, көбіне Германия мен Қытайдан алдырамын. Кептерлерді сату үшін асырамаймын. Негізгі мақсатым - оларды емдеп, құс қатарына қосып, табиғатқа жіберу. Ал негізі бір кептердің бағасын 300 мың теңгеден 1 миллион аралығында сатып алып, басқа құсты жақсы көретін адамдарға сататын кезіміз де болады. Жақында 11 бас кептерді 1 миллион теңгеге саттым. Сол ақшаға тағы жараланған құстарды емдеп, асырап, құс қатарына қосып жатырмын. Тапқан ақшаны құстардың емі мен жеміне жұмсаймын", - дейді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова