- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Кепілде тұр". Тұрғындар...
"Кепілде тұр". Тұрғындар өз пәтеріне кіре алмай жүр
Алматы облысы, Қаскелең қаласында бір топ тұрғын өзіне тиесілі пәтерге кіре алмай жүр. Бір пәтер емес бүкіл үй банкте кепілдікте тұр. Алғашқы жарнасын да төлеп қойған оларға жағымсыз жаңалық бір апта бұрын жеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Мердігер мен жердің қожайыны үш қабатты тұрғын үй құрылысын аяқтай алмай, бірнеше жыл бұрын банктен қарызға ақша алыпты. Ол үшін кепілдікке дәл осы үйді қойған. Берешек өтелмеген соң, енді банк олардан үйді босатуын талап етіпті. Екі ортада дымсыз қаламыз ба деп алаңдаған халық енді не істерін білмей дал.
Перизат Алпысова осы баспанасына қол жеткізу үшін былтыр Шамалған ауылындағы үйін сатқан. Қолына кілті тимеген пәтердің толық ақшасын алдын ала төлеп тастапты. Бірақ үйдің сиқы мен құрылыс жұмысының түрі мынау. Тек қаңқасы ғана қаланып тұр. Тұрғындарға уәде етілген уақытында қолданысқа берілмеген. Үйдің не жарығы, не жылуы да тартылмаған.
"Сәуірде 10 млн 500 мыңға алдым. Мамырда дайын болады деді. Одан бері анша уақыт өтті. Күнде келеміз. Бұл жерде ешбір жұмысшы жоқ. Енді мен пәленбай сом ақшаны қайдан тауып беремін? Пәтер жалдауға 150 мың, 180 мың төлейм. Ақшам таусылды,көшіп келе беремін дедім. "Көшіп келе беріңіз, жөндеу жасай беріңіз" деді. Төменде қанша адам әдемілеп жөндеп қойды",- деді Перизат Алпысова.
Осылайша үш қабатты тұрғын үйдің проблемасы шаш етектен. Ал ең басты мәселесі тіптен жаға ұстатады. Мердігер мен жер қожайынының келісімімен жылжымайтын мүлік банкте кепілдікте тұр. Бұл туралы жұрт осыдан бір апта бұрын ғана естіп абдырап қалған. Енді не ақша, не үйге қол жеткізе алмай қаламыз ба деп алаңдаулы.
"25 мамырда алдым. Осында адвокатпен келдім осы жерге. Мына жерде өздерінің вагон офисы болатын. Сол жерде құжаттарды тексерген кезде бұл ешқандай аресте де, кепілде де тұрмаған үй. Мен алғашқы жарна 6 жарым миллион төледім. Ары қарай қаңтарда бізге қолдануға берсе бөлек төлейтін болып келістік. Бұл "Таридо" ЖШС жері емес, үйі емес. Мына жердегі Қарлығаш Өтеубаева деген кісінің жері болып шықты. Бұл банкте 2008 жылдан бері тұрған жер екен", - деді Салтанат Беркімбай.
Екі түйе сүйкелсе шыбын өледі демекші дымсыз қаламыз ба деген халықтың қалауы — бір. Олар жыл басына дейін дәл осы пәтерлерінде қоныс тойын тойлағысы келеді. Өйткені көбісі баспанасын жөндеуден өткізіп қойған.
Мердігер ұйым тұрғын үй үш жақты келісіммен кепілдікке қойылған деп отыр. Яғни құрылысқа қаражаты жетпеген олар сатып алушылардан түскен ақшаны жаратпақ болыпты. Алайда ол қаржымен не банктегі қарыздарын жаппаған, не үйді де толық салып бітпеген.
"Банк тұрғындарды бұл үйден шығарып жібермейді. Кеше заңгерлерімізбен ақылдастық, реттедік. Бүгінде банк алдындағы берешегіміздің аз бөлігі ғана қалды. Жақын уақытта құтыламыз. Мұндай тәжірибе барлық құрылыс компаниясында бар. Яғни үй салу, не жер болсын, банк арқылы кепілдікке қойылатын жағдайлар жиі кездеседі. Сол себепті халықтың даурығуына еш негіз жоқ", - деді құрылыс компаниясының құрылтайшысы Диас Төреханов.
Осылайша мердігер ұйым мәселені шешеміз деп уәде етуде. Ал әкімдік бұл мәселеден бейхабар. Өздерінің рұқсатынсыз құрылыс бастаған мердігерлерді әкімдік бұған дейін де жауапқа тартқанын хабарлады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы