Бір апта бұрын белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев facebook желісінде "Кепіл беремін" деп аталатын тың бағдарламасымен жұртты таңдандырған еді. Кәсіпкер "Кепіл беремін" қоғамдық бірлестігіне төнетін қауіп-қатер жайлы да фэйсбуктағы парақшасына жазған екен. Оқып көрейік:
"Кепіл беремін" қоғамдық бірлестігіне төнетін қауіп-қатер жайлы
Достар, жоба үлкен қоғамдық резонанс пен қоғамның барлық дерлік тобының қызығушылығын тудырды. Аудитория өте үлкен. Көмек жан-жақтан келуде.
Бірақ! Бір-бірімізден түңіліп қалмауымыз үшін, арамыздағы нәзік сенім таспасын жыртып алмауымыз үшін және аса көп нәрсе күтіп қалмауларыңыз үшін бірден төнуі мүмкін қауіп-қатерді талқылап алуымыз керек.
Бізді алдымыздан қандай қауіп күтіп тұр?
1. Маған төнетін қауіп. Жұлдыз ауруына шалдығуым, қателесуім мүмкін, мені қорқытып, абақтыға қамауы мүмкін, т.б.
Бұл қауіптен қалай қашамыз, қалай сақтанамыз?
- Менімен тең дәрежеде өз облысында жобаның тапсырмаларын жүзеге асыру жұмыстарымен айналысатын "Ел алдында жүрген серіктесті" әр облыстан табуымыз керек.
- Қоғамдық бірлестікті тіркеп, бірлестікке мүшелер мен серіктестерді қабылдау қажет.
2. "Жауапты Серіктестерге" төнетін қауіп-қатер. Бұл бағдарламаға үн қосып, ашылып, өз өніміне жауап беретін кәсіпорын аз болуы мүмкін.
Бұдан қалай қашамыз, қалай сақтанамыз?
- Кәсіпорындар арасында кең көлемде үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Барлық бизнес ассоциациясына буклет жіберу;
- Салалық ассоциациялармен серіктестік орнату;
- Мемлекеттік даму институттарымен серіктестік орнату;
- Бұндай кәсіпорындарды артықшылық пен жеңілдік беру жолымен ынталандырып, оларға үлкен қоғамдық, моральдық қолдау білдіру керек.
3. Ұйымдастыру-техника жұмыстарына төнетін қауіп. Жобаға қоғамның қызығушылығы азайып қалған жағдайда еріктілер мен "Кәсіби Серіктестердің" қызығушылығы төмендеуі мүмкін.
Бұл қауіптен қалай қашамыз?
- Қоғамның қызығушылығын үнемі арттырып отыру;
- Серіктестерді мейлінше моральдық тұрғыда көтермелеу;
- Серіктестер қоғамға өз еркімен, адал қызмет етудің тиімді екенін сезіну үшін олардың өнімі мен қызметін тұтыну керек.
4. Ең басты қауіп – сіздің тарапыңыздан қызығушылықтың төмендеуі. Бұлай болған жағдайда батпақтан тез арада шыға қоюымыз екіталай. Демек осылай болуы тиіс және сіздер жақсы өмір сүруге лайық емессіздер. Дөрекі болса да, шындық – осы. Сіздер де бір нәрсе істеулеріңіз керек. Ең аз дегенде ұнату белгісін басып, репост жасап, пікір жазып, келіспейтіндеріңізді білдіріп, көмектесіп, сатып алуларыңыз қажет.
Енжар тұрғынбыз ба, белсенді Халықпыз ба, бұл жайын өзіміз шешуіміз керек!