- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кентаулықтарға үстемақы төлене...
Кентаулықтарға үстемақы төлене ме? Үкімет басшысы пікір білдірді
Премьер-министр Олжас Бектенов Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендерді экологиялық дағдарыс аймағына енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған сенатор Мұрат Қадырбек Түркістан облысы Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің аумағын экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа кіргізу мәселесін көтеріп, кентаулықтарға үстемақы төлеуді ұсынған еді.
Олжас Бектенов мәселе заң аясында зерделенетінін жеткізді.
"Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңына (Арал өңірі туралы заң) сәйкес экологиялық қасіретке ұшыраған аумақтардың шекаралары белгіленген.
"Кентау қаласы мен іргелес елді мекендердің қоршаған ортасының жай-күйін және халықтың денсаулығын кешенді бағалау" жобасының мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысына сәйкес зерттелетін аумақтың бір бөлігін экологиялық дағдарыс алды жағдайындағы аймақ (Кентау қаласының аумағы (оның ішінде Бүргем елді мекені) және оған іргелес Ащысай, Хантағы, Баялдыр, Қарнақ ауылдары (оның ішінде Күшата және Шаштөбе елді мекендері), ал басқа бөлігін төтенше экологиялық жағдай аймағы (солтүстіктен Кентау қаласына іргелес (өнеркәсіптік аймақ) деп тану туралы ұсыныс берілді", - деді премьер-министр.
Сондай-ақ ол мәселені шешу үшін заңға өзгерту енгізу керектігін айтты.
"Кентау қаласы (оның ішінде Бүргем елді мекенінің) және оған іргелес Ащысай, Хантағы, Байылдыр, Қарнақ ауылдарының (оның ішінде Күшата және Шаштөбе елді мекендерінің) аумақтарын экологиялық дағдарыс алды жағдайындағы аймақтар деп тану үшін Арал өңірі туралы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Қазір Түркістан облысының әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп кейіннен республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізу үшін қаржылық-экономикалық есептеулер мен негіздемелер дайындап жатыр. Осыған байланысты Арал өңірі туралы заңға түзетулер енгізу мәселесі республикалық бюджет комиссиясының оң шешімі алынғаннан кейін заңнамада белгіленген тәртіппен пысықталады", - деді Олжас Бектенов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен