Кентауға қарасты ауыл тұрғыны үйінің ауласынан шағын зообақ ашқан

Кентауға қарасты ауыл тұрғыны үйінің ауласынан шағын зообақ ашқан

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны үйінің ауласын шағын хайуанаттар бағына айналдырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.

21 жастағы Ибрахим Саттаров аң-құстың отыздан астам түрін бағып отыр. Болашақта экономикалық аймақтан эко-парк ашуды да жоспарлап қойған. Мұнда тропикалық аймақты мекендейтін түйеқұстың үш, тауыстың үндістандық және ирандық түрлері бар.

Ал қырғауылдың бес түрін өсіріп отыр. Ибрахим Саттаровтың айтуынша, үйрек-қазды айтпағанда тауықтың 20-ға жуық түрін көруге болады. Одан бөлек, бүркіт пен қоянның да бірнеше түрі кездеседі.

"Келіп жатқан көпшіліктің қызығушылығы артып жатқан нәрсенің бірі тауыс. Бұл үнділік тауыс деп аталады. Әртүрлі түсті болады. Кептерге ұқсайтын жапондық тауықтар бар, кішкентай. Одан кейін бізде африкалық тауықтар бар. Жұмыртқасы мен етінің дәмі бөлек. Бұл да бір біздің ортаға жаңалық болып келеді. Балалардың арасында ең қызығатыны - қоян. Өйткені қолмен ұстап көрсе болады. Осындай қоян деп, жылап қалады балалар. Кішкентай туған балаларын береміз", - дейді Қарнақ ауылының тұрғыны Ибрахим Саттаров.

Жануарларды жаны сүйетін Ибрахим қой мен ешкінің де он шақты ерекше түрін бағып отыр. Құлағы ұзын мына ешкілер үндістанның Шәми, Коко, Альпиский деген тұқымы. Әр ешкі күніне 4-5 литр сүт беретінін айтады. Қойдың да Дорпер, Миранос, Қисары тұқымдары бар. Зообақты ашқандағы мақсатымыз - телефонға тәуелді жас ұрпақты табиғатпен байланыстырып, еңбекке баулу дейді.  

"Адамдардың ішіндегі мейірімділікті оятады. Келіп жатқан, көріп жатқан әртүрлі әсер алып жатқан жастар бар. Бұл Романов дейтін қой тұқымы, кемі екеу, үшеу, төртеуге дейін төлдейді. Бұлар сәл суықты жақсы көреді. Екінші бір тарапы бар, көп қозы туғаннан ба, бұл өзінің қозысына қатты мән бермейді. Қойды байлап қойып, еміземіз", - дейді Қарнақ ауылының тұрғыны Ибрахим Саттаров. 

Ибрахимге ауылдан зообақ ашуға әкесі Райымжан Қошқаров көмектескен. Қария кейінгі буын жастар мен мектеп оқушыларының жан-жануарлардан алыстап бара жатқаны жаныма батты дейді. Сондықтан келер жылы қала тұрғындары отбасымен келіп демалатын экопарк ашуды жоспарлап отыр. 

"Қазір біз үкіметтен 2 гектар жер сұрап отырмыз. Келіп, көріп жатыр. Беріп жатса, біз Түркістан қаласынан тамаша бір дүниені іске асырмақшымыз. Ол кезде бала өзінің ата-анасымен, мұғалімдерімен келіп, демалып, отыратын жерлері болады", - дейді Түркістан қаласының тұрғыны Райымжан Қошқаров.

Райымжан Қошқаровтың айтуынша, жергілікті билік экопарк жобасына қызығушылық танытып отыр. Барлығы жоспарлағандай болса, нысан құрылысын бір жылда аяқтап, 2026 жылы іске қоспақ ниетте.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина