- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кентаудың экс-әкімі 10...
Кентаудың экс-әкімі 10 жылға сотталды
Сот Кентаудың бұрынғы әкімін пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Кентаудың экс-әкімі Дәурен Махажановқа қатысты үкім шықты. Ол 366-баптың 4-бөлігі "Аса ірі мөлшерде пара алу" бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
"Сот Дәурен Сәбитұлы Махажановты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-бөлігі және 24-баптың 7-бөлігі ("Қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу") бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануға үкім шығарды. Оған мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, ведомстволарда, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау органдарында, мемлекеттік ұйымда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салу және он жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің барынша қауіпсіз мекемелерінде өтеледі. Мерзім сот үкімі заңды күшіне енген сәттен бастап есептеледі. 2022 жылғы 24 ақпаннан бастап қамауға алу мерзімі жаза мерзіміне есептелсін", - деді Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты судьясы Мәртпек Кәкімжанов.
Бұл іс бойынша басқа айыпталушылар - Лаврентий Бобрышев пен Бауыржан Түмебаев 368-баптың 1-бөлігі "Парақорлыққа делдал болу" бойынша кінәлі деп танылды. Бобрышев 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Бауыржан Түмебаев бір жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушылардан процессуалдық шығын ретінде 171 000 теңге өндірілді. Сондай-ақ, Махажановтан жәбірленушілерге өтемақы ретінде 30 АЕК (шамамен 91 мың теңге) көлемінде төлемақы өндірілді. Бобрышев пен Түмебаевтың әрқайсынан 15 АЕК (шамамен 45 000 теңге) көлемінде өндірілді.
Сот үкіміне 15 күн ішінде шағым жасауға болатыны хабарланды.
Ж. Қадыржанова