Кентауда Жаңа жыл түніндегі жарылыста қаза тапқан адам 18 жастағы студент болып шықты

Кентауда Жаңа жыл түніндегі жарылыста қаза тапқан адам 18 жастағы студент болып шықты
Фото: "Информбюро"

Жаңа жыл түні Түркістан облысы Кентау қаласында жарылыс болды. Оқиға салдарынан көз жұмған 18 жастағы қыздың туыстары кәсіпкерді қатаң жазалауды сұрап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Информбюроға" сілтеме жасап.

Қара жамылған отбасының сөзінше, ғимараттағы жарылысқа өрт қауіпсіздігі сақталмауы себеп болған. Көпқабатты үйдің астындағы қоғамдық тамақтану орнында жаңа жылдық демалыста жарылыс болып, бес адам күйіп қалған болатын.

Арна мәліметінше, сол жерде жұмыс істеген Дана Сағынғалиқызы ауыр жарақаттан оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ал денесін күйік шалған төрт науқас қазір ауруханада емделіп жатыр.

"Анасы мен сіңлісі тамақ алып барғанда газ шығып тұрғанын ескерткен. Одан кейін сол жерде бір емес, бірнеше адам ескерткен. Иесі техникалық қауіпсіздікті сақтамағанының кесірінен осындай қайғы жұтып отырмыз", - деді марқұмның туысы Гүлжамал Сержанова.

Марқұм бұл жұмысқа бір ай бұрын ғана орналасқан. Екінші курс студентін жер қойнына тапсырған жақындары "кінәлілер жазасыз қалмаса" дейді. 

Еске салайық, бұған дейін Кентаудағы тамақтану орнында газ жарылып, бір адам қаза тапқаны хабарланды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget