Оқиға Түркістан облысы Кентау қаласында 26 сәуір күні кешкі сағат 8-дер шамасында болған. Оқушы қызды қан-жоса еткен ер кісіні көршілер көріп қалған екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы "Не молчи" қоры хабарлады. Оның мәліметінше, ер адам жас қызды зорламақ болған.
11 жастағы оқушы үйінен дүкенге майонез алу үшін шыққан екен. Үйдің кіре-берісінде әлгі еркек оның жасын сұрап, әдемі екенін алға айтып, құшақтап алған.
"Қыз айғайлап көмек сұраймын дегенше ер адам оның тамақ тұсынан қатты қысып, қылқындыра бастаған. Ұрып-соққан. Кейін қызды аулаға алып шығып, ұрып-соғуды жалғастырған. Тіпті таспен басынан, бетінен ұрған. Үйдің артына дейін сүйреп апарып, ұрып-соға берген. Қызға шабуылдаған адам оны зорламақ болған", - деп жазды белсенді.
Оқиғаны қыздың көршісі көріп қалған соң ер кісі қаша жөнеліпті. Бұл бойынша полицияға арыз түскен. Дина Таңсәрінің мәліметінше, істі тәртіп сақшылары "Бұзақылық" бабымен тіркеп, күдіктіні босатып жіберген.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасындағылар оқушының соққыға жығылғанын растады. Ол жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілген.
"26 сәуір сағат 22:00-де бас ми жарақатын алған 2012 жылы туған қыз Кентау қалалық орталық ауруханасына жеткізілді. Барлық медициналық тексеруден өткен соң науқас травматология бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда сол бөлімде ем қабылдауда. Жағдайы орташа ауырлықта", - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Ал облыстық полиция департаментіндегілер бұл оқиға бойынша әзірше түсінік бермеген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!