Кентау әкімінің орны 4 миллион теңгеге бағаланған

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Кентау қаласының әкімі лауазымын 4 миллион теңге ұсынған әйелге қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотта мәліметінше, жауапкер Д., Кентау әкімі лауазымына жұмысқа орналастырамын деген желеумен А.-мен 4 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйақыға келіскен. Ол А.-дан 650 мың теңге алдын ала төлем алған. Сонымен қатар, әйел М.-дан 4 миллион теңгеге банк директоры қызметіне орналастырамын деп, 3,6 миллион теңге көлемінде қаражат алған.

"Сотталушы қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаудағы кінәсін толық мойындамады. Д.-ның кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтары, хат-хабарлардың скриншоттары, аудиохабарламалар және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді", - деп түсіндірді сот.

Сотталушы келтірілген шығынды ішінара өтеген. Сонымен қатар, сот әйелдің үш кішкентай баласы барын назарға алды.

"Осы баптың санкциясында шектеу немесе 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Сот үкімі бойынша, Д. ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1, 4-тармақтарында ("Ірі көлемде, бірнеше рет жасалған алаяқтық") көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды", - делінген хабарламада.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толығымен қанағаттандырылды.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!