- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кенттер туралы
Кент тұрғындары вакуумда өмір сүруге мәжбүр - депутат
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай қаланың да, ауылдың да санатына қосылмайтын кенттер қолдауға зәру екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Депутаттың сөзінше, инфрақұрылым, өмір сүруге қолайлы мүмкіндіктер жоқ болғандықтан, кенттерге білікті жас мамандар келмейді. Соның салдарынан кадр тапшылығы күн сайын күрделеніп барады.
"Қалалық типтегі кенттер - тек елді мекендер емес, онда өмір сүріп жатқан сан мыңдаған халықтың атамекені, тағдырын тәуекелге байлаған алтын ұясы, бүгіні мен болашағының қастерлі қара шаңырағы. Алайда осы өңірлердегі халық назардан тыс қалып, "ауылдық вакуумда" өмір сүруге мәжбүр. Қалалық типтегі кенттер өздерінің арнайы аралық мәртебесі жоқтығы салдарынан көптеген мемлекеттік бағдарламаның қамту аймағынан шеттетілген, бұл жағдай жергілікті тұрғындарды күрделі әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен бетпе-бет қалдырып отыр", - деді депутат.
Кент тұрғындарының басты мәселелерінің бірі - білім беру саласындағы мұғалімдер тапшылығы. Әсіресе химия, биология, физика және математика пәндері бойынша педагогтар жетпеуі.
Денсаулық сақтау саласында да кадр тапшылығы бар екені айтылды.
"Білікті дәрігерлер жетіспеуінен халықтың денсаулық деңгейі төмендеп барады", - дейді депутат.
Депутат мұндай аймақтарда инфрақұрылым мәселесі де шешімін таппай отырғанын мәлімдеді.
"Жолдар, су және энергиямен қамту, әлеуметтік нысандардың жеткіліксіздігі, шешімін таппаған басқа да мәселелер тұрғындардың тұрмыс сапасын төмендетіп жатыр. Қалалық типтегі кенттер 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына да енгізілмеген, осы себепті олар қолдау шараларынан тыс қалып отыр. Бұл жағдай әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті тудырады", - деді Аманжол Әлтаев.
Айта кетейік, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде 6208 ауылдық елді мекен бар. Кейінгі 5 жылда ауылдар саны 6341-ден 6208-ге дейін, яғни 133 ауылға азайды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қанша ауыл жойылу алдында тұрғаны хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова