Қазақстандық Әсем Баламанова бүгінде алып компания Amazon-ның 1 миллион 468 мың қызметкерлерінің бірі. Яғни ол компанияның Лондондағы бөлімшесінде қызмет етіп жүр. Massaget.kz тілшісі қазақстандық қызбен байланысып, компанияға орналасуы мен ондағы күнделікті өмірі туралы сұхбаттасты.
Әсем Amazon-ға орналасуға 2021 жылдың жазында өтініш тастаған. Алайда ол кезде сұхбаттасу бөлімінен өтіп, ең соңғы кезеңде өте алмай қалған екен.
"Сондықтан Amazon-ның базасында қалған екенмін. Рекрутер яғни қызметкерлерді таңдаумен айналысатын маман маған өзі жазды. Бастапқыда онлайн кодтау, кейін тағы 5 сұхбат болды. Дәл сол уақытта Букинг компаниясынан да шақырту болғандықтан Амазондағы процесс 1,5 айда бітті. Негізінде ұзақ болды. 2022 жылы жазда Amazon-нан шақырту алған кезімде рекрутердің өзі хабарласты. Әдетте олар пошта арқылы хат жазатын, кенеттен хабарласқан кезде не айтарымды білмей қалдым", - дейді Әсем.
Осылайша, Әсемнің алдында таңдау болды: Мадрид, Берлин, Амстердам, Кэмбридж, Эдинбург немесе Лондонға барып жұмыс істеуі керек болады.
"Таңдауым Амстердам мен Лондонға түсіп, көп ойландым. Еуропада болып көргеннен кейін, Ұлыбританияда тұруға шешім қабылдадым. Сонымен қатар, Лондон сияқты қалада жас кезде тұрып көріп, жаңа нәрселерді ашу, ортаны кенейтуге, әрі қарай өсуіме ыңғайлы болады деп санадым", - дейді қазақстандық қыз.
Әсем Amazon-дағы команда өзіне ұнайтынын, олар үнемі қолдау білдіріп отыратынын айтады.
"Өзімді қайтадан студент сияқты сезініп жүрмін. Кейде менторым архитектура жайында түсіндіріп жатқанда, универ қабырғасындағы лекциялар есіме түсіп кетеді. Мен қазір AWS деген бөлімде жұмыс істеймін және біз тікелей сол AWS-тің өнімдерін өзіміз қолданамыз, сол нәрселерді компанияның ішінен үйрене алатыныма қуаныштымын. Бірақ ұнай ма, ұнамай ма, менің ойымша, код жазып, командама үйренгенімде, бірнеше айдан кейін нақты айта аламын", - дейді Әсем.
Қазақстандық қыз компаниядағы күні қалай басталатынын әңгімелеп берді.
"Бәріміз не істегенімізді және не істейтінімізді, қандай проблема барын айтамыз. Әзірге Лондондағы 4 аптам өтті. Қазір компанияның құндылықтары және де үлкен техникалық компанияларда өздерінің ішкі құралдары көп болады. Соларды жаңадан келген жұмысшыларға арналған бағдарлама бойынша өтіп жатырмын. Жаңадан келгендерде қолдау көрсететін адам - "buddy" болады, сол адаммен аптасына екі рет кездесеміз. Біздің команда толықтай қашықтан жұмыс істеуге болады. Күндіз басқа шаруаларым болмаса кеңсеге барамын немесе үйден жұмыс істеймін", - дейді Әсем.
Сонымен қатар, Әсем бағдарламалау әлеміне қалай келгенін айтты.
"Мен Жаңаөзен деген кішкендай қалада өсіп, сол жақта мектеп бітірдім. Кейін оқуға түскенде ғана бағдарламалаумен айналыстым. Алғашқы оқуға түскенде көп студент мектеп қабырғасынан бағдарламалаудан хабары болды. Сол студенттермен өзімді салыстырып, көп уақытымды бағдарламалауға және ағылшын тілін үйренуге арнадым. Күнделікті оқығанымның арқасында тіл мен бағдарламалаудың "бөгеті" бұзылды. Сенің кішкентай қалада өскенің, сенің даму және армандау мүмкіндігіңді шектемейді", - дейді ол.
Әсем Amazon секілді алып компанияларда жұмыс істеп, солардың қалашығында тұруды студент кезінен армандаған екен. Ал сол арманыңның орындалуына Әсем орта өте маңызды екенін айтады.
"Орта өте манызды. Мен 1-2 курстарымда Amazon, Google секілді компанияларға тұруды армандамайтын едім, өйткені айналамда ондай адам көрмедім. 2 курс бітіргенде нФактортиал бағдарламалау инкубаторында 3 ай оқығанбыз, тәжірибеден өттік, сол кезде НУ, ҚБТУ, СДУ-дан келген балалармен таныстым. Көбісі мектеп кезінен бағдарламалаумен айналысқан. Сол балалармен сөйлесіп, олар Linkedin-де жаңалықтарын бөліскенде "мен неге тырысып көрмеймін?" деген ой келді. Мүмкін, сол инкубаторға қабылданбасам, менің өмір жолым тым бөлек болар ма еді? Ол университеттердің ұтқан жері - карьерада жетістікке жеткен студенттерін университетке қонаққа шақырып, тәжірибесін бөлісуінде", - дейді Әсем.
Әсем Amazon-ға келгенде нені түсінгенін айтып берді.
"Өмірдегі мүмкіндігіңді көру үшін үнемі басқа да адамдардың тарихын оқып, араласа білу керек. Менде осы тұс осалдау болды, өзіммен өзім дайындалдым. Олардың қалай дайындалғаны, неден ынталанғанын білу керек. Amazon-ға келер алдында бір жыл "Яндексте" жұмыс істедім. Компанияда өз ісінің нағыз мамандарын көрдім, жұмыстарын өте байыпты және сапалы істейді. Креативті, жаңа білімге ашық адамдармен бір командада жұмыс істедім. Ол кезде командамдағы ең жас маман болдым. Елде екі жыл жұмыс істеп, өзіме сенімді болып барған едім, компаниядағы мамандарды көріп, әлі әлсіз тұстарым барын түсіндім. Яндксте қатты ұнағаны - атмосфера. Жұмыс қиындау, бірақ компания барлық жағдайыңды жасайды, өзімді құнды қызметкер сезіндім", - дейді Әсем.
Отандасымыз шетелде жүрген кездегі ең басты нәрсе не екенін айтты.
"Ал басқа елге келгенде өзіңнің ата-салтыңды, еліңнің құндылықтарын, тарих пен тәрбиеңді, кім болсаң да, қайда кетсең де өміріңнің байлығы - отбасы екенін ұмытпау. Басқа елден тәжірибе жинап, өзіңе сенімді, құнды, сауатты, жұмысын жинақы жасай алатын маман болып барғым келеді", - деп қорытындылады Әсем.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!