- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кенесары ханның бас...
Кенесары ханның бас сүйегін Қазақстанға қайтарумен кім айналысуы керек?
Сыртқы істер министрлігі қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымовтың бас сүйегінің қайтарылуына қатысты жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Брифинг кулуарында журналистер Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтан Кенесары ханның бас сүйегі табылғанын Ресей растағаннан кейін Сыртқы істер министрлігі шара қолдана ма деген сұрақ қойды.
"Жалпы, мұндай мәселелермен тарихшылар, оны түсінетін мамандар айналысуы керек. Осыған қарамастан, дипломатиялық арналар арқылы бізге бейінді ведомстволардан сұрақтар келіп түседі. Біз оларды сәйкесінше Ресей тарапына бағыттаймыз. Кейбір мәліметтер бойынша, ресейлік тараптың мәлімдемесіне сәйкес, бұл бас сүйек дүниеде жоқ. Бірақ менің ойымша, бұған дұрыс жауапты тарихшылар беріп, ресейлік әріптестерімен бұл деректі дәл анықтаған дұрыс", - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтарда VII сайланған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Кенесары ханның басы мен мылтығы Мәскеу мұражайында екенін айтып, оларды Қазақстанға қайтаруға шақырды. Ол 2021 жылы Қазақстаннан арнайы келген мамандар ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын анықтаумен айналысқанын атап өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан