- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кеңес заманына оралуды...
Кеңес заманына оралуды қаламайтын грузин жастары наразылыққа шықты
Тбилисидегі парламент ғимараты алдында студенттер алдыңғы сенбіде Грузияда өткен сайлау нәтижесіне наразылық білдіріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Грузия Online порталына сілтеме жасап.
Басылым жастар Джавахишвили атындағы Тбилиси мемлекеттік университетінің бірінші ғимаратына жиналып, бір күн бұрын оппозиция сайлауды заңды деп танымайтынын мәлімдеп, қайта дауыс беруді талап еткен Руставели даңғылына жеткенін жазды.
Жастар акцияға Грузия мен Еуроодақ туларын көтеріп шықты.
"Грузия жастарының қолында Ресейді емес, Еуропаны, еуропалық жолды таңдайтынын және кеңес заманына оралғысы келмейтінін баса көрсететін плакаттар бар", - делінген материалда.
Студенттер биліктегі "Грузин арманы" партиясының ұсынысымен келіспейтінін айтты. Олар билік бостандықтан, демократиядан және сайлау құқығынан айырып отыр деп есептейді.
"Біз еуропалық өркениетте өмір сүргіміз келеді! Біз еркін, біртұтас, тәуелсіз Грузия жеңіске жеткенше күресеміз!" - дейді ұйымдастырушылар.
Наразылықты Dafioni қозғалысы ұйымдастырғаны белгілі болды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан