“Кеңес дәуіріндегідей“: әкім Өскеменді екі ауданға бөлудің шартын айтты

Өскемен әкімі Алмат Ақышов халықпен есептік кездесуде қалада екі аудан (екі әкімшілік бірлік) құруға тұрғындар саны жөніндегі деректің толық болмауы кедергі болып отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі YK-news.kz-ке сілтеме жасап.

Әкімнің айтуынша, қалада 400 мыңнан аса адам тұрады. Бірақ көптеген тұрғын тіркеуге тұрмағандықтан, ресми статистикада халық саны 380 мың болып көрсетіледі. Бұл құбылыс субурбанизация деп аталады және әлемнің көптеген қаласында кездеседі.

"Егер біз ресми түрде 400 мың межесіне жетсек, қаланы кеңес дәуіріндегідей екі ауданға бөлуге болар еді. Ондай жағдайда қаланың дамуына екі коммуналдық шаруашылық бөлек-бөлек жауап берер еді", - деп түсіндірді әкім.

Ақышов қазір ұзындығы 80 шақырым болатын Өскеменді бір әкім және оның үш орынбасары ғана басқарып отырғанын еске салды.

"Бұл кейде қиын, өздеріңіз де түсінесіздер. Сондықтан енді осы жұмысты қолға аламыз. Тұрғындардың нақты санын анықтаймыз. Егер 400 мыңнан асса, жоғары тұрған басшылыққа қаланы екі ауданға - сол жағалау және оң жағалау болып бөлу туралы ұсыныс енгіземіз", - деді қала әкімі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз