24 қазанда Ақмола облысы Зеренді ауданындағы «Васильков» ЖШС-нің «Алтын Тау - Көкшетау» алтын руда кенішіне Астанадағы кен өндіру салалары қызметінің ашықтығы жөніндегі Халықаралық Бастамасы отырысына қатысу үшін шет мемлекеттерден келген қонақтар барды. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Мұнда келудегі мақсат – өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуында, азаматтар мен қоғам өмірінде кәсіпорынның алатын орнымен және кен өндіруші кәсіпорынның қызметімен танысу. Онда барушыларға карьерде Wenco жұмыс жүйесімен алтын өндіру процесі, жарылыс жұмыстарын, сонымен қатар, алтынды іріктеп теріп алу фабрикасына апару және алтынды балқыту жұмыстары да көрсетілді.
Іс-шара Астана қаласында 24-26 қазан күндері өтетін ӨҚАБ бойынша Халықаралық Басқарманың отырысына орайластырылды. Аталмыш шарада өзекті мәселелер мен кен өндіру салалары қызметінің ашықтығы бастамасын жүзеге асыру перспективалары талқыланады. Сонымен қатар, ӨҚАБ стандарты бойынша жаңа талаптар, кен өндіру секторындағы бенефициарлы компания иелерін анықтау, 2017 жылғы валидацияға дайындық мәселелері де пысықталатын болады. Аталмыш шара Азия аймағында бірінші рет өткізілуде және ӨҚАБ жүзеге асыруда Қазақстанның жетістігі ескеріліп отыр.
ӨҚАБ ашықтық пен табиғи ресурсты басқару есептілігі үшін жаһандық стандартты ұсынады. ӨҚАБ құрамына 51 ел кіреді. Олардың қатарында ӨҚАБ талаптарына сай келетіндері - 31. Мәселен, Қазақстан, Норвегия, Албания, Перу, Индонезия, Ирак, Монғолия, Қырғызстан, Африка континентіндегі елдер және т.б. Қазақстанда бұл жұмыс 2005 жылы Мемлекет басшысының ӨҚАБ-қа қосылу қажеттілігі жөніндегі өтінішінен кейін жүргізіле бастады.
Қазақстанда ӨҚАБ қызметін Инвестициялар және даму министрі Қасымбек Ж.М. басқаратын мүдделі тараптар Ұлттық Кеңесі (ары қарай МТҰК) үйлестіреді. Оның құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар, мұнай-газ компаниялары мен тау-кен өндіру секторының және азаматтық қоғамдастық өкілдері кіреді. Шешім тараптардың консенсусы негізінде қабылданады.
ӨҚАБ жүзеге асыру ӨҚАБ Басқармасы қабылдаған Стандарттың халықаралық талаптарына сәйкес орындалады және жер қойнауын пайдаланушылардың мемлекет қазынасына түсетін қаржымен бірге салық пен бюджет төлемдерін фискальді салыстырмалы түрде төлеуді қосады.
Сонымен қатар, басқа да деректердің ашықтығы қамтылады. Айталық: бюджет кірістері; жеке компаниялардың мемлекеттен алатын үлесінің дивиденттер ағыны; Субұлттық төлемдер мен әлеуметтік инвестициялар; жергілікті қамту жөніндегі деректер; тасымалдау кірістері; негізгі экспорт пен кен өндіру көлемі; басым пайдалы қазбалар; ІЖӨ көлеміндегі кен өндіру секторының үлесі; фискальді режим сипаттамасы; геологиялық барлау деректері; негізгі кен орындарының картасы және т.б. Осы деректердің барлығы ӨҚАБ жөніндегі Ұлттық есептерінде көрсетіледі. ӨҚАБ жүзеге асқаннан бері мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған 10 Ұлттық есеп жасалды.
Биыл ақпан айында Лима қаласында (Перу) өткен ӨҚАБ жөніндегі Жаһандық конференциясында ӨҚАБ-тың жаңа стандарты қабылданды. Бұл стандартқа сәйкес, бұған дейін ұсыныс сипатындағы талаптар енді міндетті түрде орындалуы тиіс. Сондай-ақ, 2020 жылға қарай жер қойнауын пайдаланушы-компаниялардың бенефициарлы иелерін жариялау туралы талап міндеттелетін болады.
Бенефициарлы компания иелерін анықтауды қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шаралар қамтылған Ұлттық «жол картасын» 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін әзірлеу қажет. Бенефициарлы компания иелерін анықтауды қамтамасыз етудің кешенді шаралары жөніндегі «жол картасының» жобасы Мүдделі тараптардың ұлттық кеңесі (МТҰК) мүшелерімен әзірленіп, талқыланды және мемлекеттік органдарға мақұлдауға жіберілді. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткеннен кейін, ӨҚАБ-тың халықаралық хатшылығына жолданады.
Сондай-ақ, биыл Қазақстанда ӨҚАБ интеграциясы бойынша «Мейнстриминг» деп аталатын пилоттық зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр. Оның негізгі мақсаты, ӨҚАБ есептерінде компаниялар мен Қазақстан Республикасы Үкіметі берген есептерді және қазіргі қолда бар ашық мәліметтерді қайталамау.
ӨҚАБ-ның барлық қағидаларына сәйкес болу үшін Қазақстан ӨҚАБ мүше-мемлекеттердің тәжірибесін қолданып, оны насихаттауда. Ал кейбір жағдайларда өзгелерге үлгі болып отыр. Біздің мақсат – халықтың игілігі үшін өзіміздің табиғи байлықтарымызды дұрыс әрі ашық басқару. ӨҚАБ-ты жүзеге асыру бюджет кірісінің ашықтығын ғана емес, сонымен бірге аймақтарды дамыту туралы әлеуметтік бағдарламаларға бөлінген бюджет қаржысын жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Жергілікті билік органдарының ӨҚАБ жүзеге асыру аясында әлеуметтік бағдарламаларды орындаудағы нақты шығындар жайында халық алдында есеп беруі субұлттық деңгейде сыбайлас жемқорлықтың тікелей көрінісі екендігі туралы, сонымен қатар, мақсатсыз жұмсалған шаралар қаражаттарына қатысты жанама көріністері жөнінде ескертеді.