Кең дала бірте-бірте қоқысқа толып жатыр

Кең дала бірте-бірте қоқысқа толып жатыр
Фото: Автордан

Қарағанды облысы Сұрыптау ауданының тұрғындары далалық аумақта түрлі қалдық түрлері үйілген қоқыс полигоны аумағы күн санап ұлғайып жатыр деп алаңдаулы. Белгілі болғандай, ол шамамен екі жыл бұрын пайда болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сұрыптау тұрғындары бұл полигонның барын бұрыннан білсе де мұндай мөлшерге дейін көбейеді деп ойламаған. Онда үйілген құрылыс қоқыстары, пластик және тағы басқалары бар. Түрлі қалдықтардың ұзақ уақыт бойы мақсатты түрде жиналғаны байқалады. Бір кездері бос жатқан жазық дала күн санап қоқыс полигонына айналып бара жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жақын маңдағы зауытқа жол салғанда, мұнда бірдеңені қазып, алып кете бастаған. Бастапқыда қазылып, қазір қоқысқа толған далалық аумаққа эколог мамандар назар аудармаса болмайды, - дейді адамдар. Қоқыс қалдықтары полигоннан желдің әсерінен бірнеше шақырымға дейін ұшып, айналаның көркін қашырған.

 "Бұлай жалғаса берсе, бұл аумақ түгел қоқысталады. Жауаптылар осы мәселені қолға алса екен. Қарапайым тұрғындар мұнда қоқыс төкпейді. Қоқыс қалдықтарын төккендерге айыппұл салу керек" дейді, Сұрыптау ауданының тұрғыны Александр Погорелов.

 

 

Әлеуметтік желілерде бұл мәселе көтерілгенімен, жауап алу мүмкін болмаған. Аталған орынға қоқыс төгетіндерді ұстап, айыппұл салу жағдайлары да кездеспеген. Бұл мәселе туралы қалалық әкімдікке хабарланды, Әлихан Бөкейхан ауданының шенеуніктері дереу тексеріс жүргізіп, аумақтың тазаланатынын хабарлады. Алайда, аумақтың Бұқар Жырау ауданына жататыны белгілі болды. Сондықтан, бұл жұмыстарға тікелей жауапты да олар болып табылады. Уақыт созбай Бұқар Жырау ауданы әкімдігіне хабарластық. Мән-жайды естіп жердің кімге тиесілі екенін анықтаймыз, сосын хабарын береміз деп тез қайырды. Алайда бұдан соң байланысқа шықпады.

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы