“Кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды“. Тоқаев әлемдік тренд туралы айтты

“Кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды“. Тоқаев әлемдік тренд туралы айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының айтуынша, бірінші атом электр станциясын салу ауқымды жұмыстың басы ғана. Бәсекеге қабілетті әрі дербес атом индустриясын қалыптастыруға күш салған жөн. Сонда біз энергетикалық тұрғыдан ешкімге тәуелді болмаймыз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазір Атом энергиясы жөніндегі агенттік осыған қатысты стратегиялық құжат дайындап жатыр. Онда энергия тапшы аймақтарда шағын модульді реакторлар орнату мәселесі қамтылуға тиіс. Мен Дубайда, Бакуде өткізілген жаһандық климаттық саммиттерге қатыстым. Әсерімді әріптестерге және Үкімет мүшелеріне жасырмай жеткіздім: бұл кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды. Бұл сөзімді премьер-министр Олжас Бектенов растай алады. АҚШ президенті Дональд Трамп та жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйлегенде "Климаттың өзгеруі дегеніміз – жаһандық алаяқтық" деп дәл солай айтты. Сондықтан Қазақстан 35 жылдан кейін ғана карбон көздерінен құтылады деп ресми ұстанымымызды жарияладық", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазір Қазақстанда 118 миллиард киловатт энергия өндіріледі.

"Бұл жеткіліксіз. Цифрландыруды, жасанды интеллектіні қарқынды дамытсақ, әлдеқайда көп энергия керек болады, бұл – анық нәрсе. Сондықтан елімізде барлық энергетика көздерін тиімді пайдалану қажет. Ең алдымен көмір. Қазақстан жылына шамамен 113 миллион тонна көмір өндіреді, бұл тұрғыдан алғанда әлемдегі ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл – біздің актив, жетістік, оны дұрыс пайдалануымыз керек. АҚШ президенті "Маған жел ұнамайды, маған көмір ұнайды" деп өте дұрыс айтты. Расында, жел станциялары өте қымбат, өндірілетін энергия да қымбат, ондай станциялар табиғатқа зор зиян тигізуі мүмкін. Қазір озық технологиялар көмірді жақсы тазалайды, оның зияны жоқ, бағасы жел, күн, газбен салыстырғанда қымбат емес", – деді Президент.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget