Кембридж сөздігі “жыл сөзін“ анықтады

Кембридж сөздігі ағылшын тіліндегі human ("адам", "адамға тән") сөзін 2026 жылдың сөзі деп жариялады. Мұндай таңдауға жасанды интеллектінің қарқынды дамуы және оның адам атқарып келген жұмыстарды барған сайын көбірек орындай бастауы себеп болған, деп хабарлайды Massaget.kz.

Кембридж сөздігінің редакторлары human сөзі "құдайдан, жануарлардан немесе машиналардан айырмашылығы – адамға тән қасиеттерге, кемшіліктер мен сезімдерге ие болу" дегенді білдіретінін түсіндірді.

Неліктен human сөзі таңдалды?

Сөздік редакторлары жасанды интеллект адам мен машинаның мүмкіндіктері туралы түсінікті өзгертіп жатқанын атап өткен. Бұрын тек адам орындай алады деп саналған тапсырмаларды қазір нейрожелілер де атқарады.

Осы өзгерістердің әсерінен human сөзінің қолданысы да кеңейген. Ол енді белгілі бір туындыны немесе жұмысты адамның жасағанын нақтылау үшін жиі айтылады. Мысалы:

  • human-written — адам жазған;
  • human-generated — адам жасаған;
  • human-made — адам қолымен жасалған.

Мұндай тіркестер туындының артында адамның ойы, еңбегі мен шығармашылығы тұрғанын көрсетеді. Редакторлардың пікірінше, бұл үрдіс қоғамның жасанды интеллектіге көзқарасы өзгеріп жатқанын аңғартады.

Қандай сөздер кең таралуы мүмкін?

Кембридж сөздігі алдағы уақытта жиі қолданылуы ықтимал бірнеше ұғымды да атаған.

Соның бірі – FOBO, яғни адамның өзектілігін жоғалтудан немесе қажетсіз болып қалудан қорқуы. Қазір бұл ұғым жасанды интеллектінің жұмыс орындарында адамды алмастыруы мүмкін деген алаңдаушылықпен жиі байланыстырылады.

Ал weather whiplash тіркесі ауа райының күрт өзгеруін сипаттайды. Мәселен, аптап ыстықтан кейін бірден күн суытуы немесе бір төтенше ауа райы құбылысының екіншісіне тез ауысуы осы ұғымға жатады.

Еске салайық, 2025 жылы Кембридж сөздігі parasocial ("параәлеуметтік") сөзін таңдаған болатын. Ол адамның өзі жеке таныспаған танымал тұлғаға немесе ойдан шығарылған кейіпкерге эмоциялық жақындық сезінуін білдіреді.