- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Келіспеймін". Екінші жақ...
"Келіспеймін". Екінші жақ қарсы болса, ажырасуға бола ма?
Қазақстандық заңгер Сергей Уткин егер ерлі-зайыптылардың бірі некені бұзғысы келмесе, ажырасу процесі қалай өтетінін түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Tengrinews.kz"-ке сілтеме жасап.
Кімдерді тез ажырастырады?
Заңгер егер ерлі-зайыптылардың ортақ балалары және мүліктік жанжалдар болмаса және екеуі де ажырасуға келісім берсе, процесс жылдам өтетінін айтты. ҚР кез келген тіркеуші органына немесе eGov.kz порталы арқылы өтініш бергеннен кейін бір ай өткен соң ерлі-зайыптылардың екеуінің де қатысуымен ажырасу рәсімделеді.
Қандай жағдайда сотқа бару қажет болады?
Егер ерлі-зайыптылардың бірі ажырасуға келіспесе, кәмелет жасқа толмаған балалары болса, мүлікті бөлу немесе алимент жайлы келіспеушіліктер болса, ажырасу сұрағын тек сот шешеді.
"Бізде крепостнойлық құқық жоқ, сондықтан ерлі-зайыптылардың кез келгені ажырасқысы келсе және сотқа ресми талап арыз берсе, ажырасады. Алайда ескеретін жайт - егер келіспейтін тарап сұраса немесе соттың бастамасы бойынша, судья заңға сәйкес алты айға дейін татуласуға уақыт беруі мүмкін", - деп атап өтті Сергей Уткин.
Татуласу мерзімі мен процедуралары
Татуластыру процедуралары істі судьяға бергенге дейін тағайындалуы мүмкін.
"Талап арыз қабылданғанға дейін сізге татуластыру рәсімдері тағайындалады, оған тараптар мен татуластыру судьясы қатысады. Бірақ егер сіз ажырасуға бел бусаңыз, іс өндіріске қабылданады және судьяның қарауына беріледі", - деп түсіндірді заңгер.
Татуласудың минималды мерзімі - 1 ай, максимум - 6 ай. Егер осы уақыт ішінде ерлі-зайыптылар келіспесе және олардың бірі ажырасуды талап етуді жалғастырса, неке бұзылады.
Сот кейінге қалдырылуы мүмкін, бірақ татуласудың жалпы мерзімі алты айдан аспауы керек. Жекелеген жағдайларда ерлі-зайыптылардың немесе олардың біреуінің өтініші бойынша сот істі алты ай өткенге дейін қарауға құқылы.
Ерлі-зайыптылардың бірі сотқа келмесе...
Егер ерлі-зайыптылардың бірі сотқа келуден бас тартса, процесс оның қатысуынсыз өте береді. Сот жауап берушінің ұялы телефонына хабарлама жіберу арқылы ажырасу процесі жайлы ресми түрде ескертеді.
Мүліктік жанжалдардың ажырасуға әсері
Заңгер мүліктік келіспеушіліктер болғанның өзінде ажырасуды рәсімдеуге болатынын айтты.
"Теориялық тұрғыдан барлық сұрақтарды біріктіруге болады, бірақ олар әдетте бөлек жасалады. Алдымен олар некені бұзады, содан кейін үш жыл ішінде, егер тараптар келісе алмаса, олардың кез-келгені некеде алынған мүлікті бөлу туралы сотқа жүгіне алады", - деді Сергей Уткин.
Қандай жағдайда ажырасу мүмкін емес?
"Жүктілік кезінде және ортақ балаңыздың өмірінің бірінші жылында әйеліңіздің келісімінсіз ажырасу мүмкін емес", - деп ескертті заңгер.
Оқи отырыңыз: Ажырасқысы келетін ерлі-зайыптыларға психологтан 5 кеңес
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова