Келісі 70 теңге: Түркістан қарбыздары шетелге экспортталып жатыр

Келісі 70 теңге: Түркістан қарбыздары шетелге экспортталып жатыр
Фото: автордан

Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде қарбыздың "Талисман F1" сортын еккен Олжас Есболатов өнімін Ресейге экспорттап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Диқаншылықты кәсіп еткен шаруа пісіп-жетілген қарбыздан шамамен 300 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр.

"Биыл ауданымыздың климаты диқаншылыққа қолайсыздау болғанымен, тәуекел жасап жылдағы уақытта егіншілікті бастадық. 6 гектарға пленкалы, 5 гектарға пленкасыз қарбыз ектік. Егістік алқабының әр гектарына шамамен 1 миллион теңгеден шығын шығардық. Әйтсе де ауа райының қарасқандығынан өнімімізді саудалап отырмыз. Тағы 15 күнде пленкасыз қарбызымыз да дайын болады", - дейді Олжас Есболатов.

Жетісайлық шаруалар биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 45,5 мың гектарына мақта шитін сепсе, 19,6 мың гектар жерге бақша, 5 мың гектар жерге жүгері, 2,9 мың гектар жерге көкөністер мен 5,3 мың гектарына мал азықтық дақылдарын еккен.

Қазір ауданда бақша дақылдарынан өнім жинау науқаны. Жиналған 24,5 мың тонна бақша өнімдерінің 11,9 мың тоннасы қарбыз болса 12,5 мың тоннасы - қауын. Жиын-терім науқанының соңына дейін бақшадан 525 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Бақша дақылдарының өнімдері негізінен Ресей, Беларусь мемлекеттерімен қатар еліміздің Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларына, сұраныс болған өзге де облыс орталықтарына жөнелтіледі.

Айта кетейік, қарбыз өнімдерінің бағасы алғашында келісіне 90 теңгеден басталса, қазір 70 -80 теңге аралығында сатылып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz