- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Келіншай беремін деп,...
"Келіншай беремін деп, жансақтаудан бір-ақ шықты". Алматы облысындағы оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды
"Келіншай" беремін деп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Алматы облысы Гүлдала ауылындағы газ жарылысынан жапа шеккен төрт адамның екеуінің халі ауыр. Олар күні кеше отау құрған жас жұбайлар екен. Дәрігерлер екеуінің де денесін 95 пайыз күйік шалған деп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқыс оқиғадан зардап шеккен тағы екі азамат бүгін палатаға шығарылды. Төтенше оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қайғылы жағдай жексенбі күні таңғы сағат бес шамасында болған. Ауылда алдымен жарық өшкен. Кейіннен газ бен ауа қоспаларының араласуынан жарылыс болады. Қатты дүмпуден пәтерлердің есік-терезесі жұлынып, қабырғасы шытынаған. Аумағы 160 шаршы метр болатын пәтердің де тас-талқаны шығыпты. Жарылыстан үйдің 32 жастағы ұлы мен 20 жастағы жас келіні зардап шеккен.
"Келін тұрған кезде, жарық жаққанда жарылыс болады. Бөлмеде ұйықтап жатқан жолдасы 95 пайыз, қатты күйіп қалған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Екеуі де жатыр, есін жинаған жоқ. Үйленгендеріне бір ай да болмады. Бажамның ұлы ғой. Ол кісі өзі сұхбат бере алмай тұр, жылап", - дейді Ербол Тілеубергенов.
Апаттан қатты зардап шеккен баспананың бірі — Машрахуновтардың үйі. Отбасы оқиға кезінде шырт ұйқыда жатқан. Сөйтіп немересі мен атасы қатты шудан оянып ас үйге келеді. Жарықты жаға бергенде от лап етеді. Апаттан алты бөлмелі шаңырақтың төбесі опырылып ортасына түскен. Қабырғасы қираған. Қатты дүмпуді сезінген олар іле-шала бала-шағасымен далаға шыққан. Оқыс оқиғадан соң тұрғындар әлі есеңгіреген күйде.
"Қатты стресс алған. Кеше өзім көріп, шүкір. Үйде тағы да жаңа туған немерем болған, қырқынан жаңа шыққан. Анамыз 90 жаста. Барлығы есеңгіреп қалды. Мен әлі өзіме келе алмай жатырмын. Қан қысымым көтерілді", - дейді Фарида Машрахунова.
"Қазір бәріміз жан-жақта жүрміз, көрші-қолаңның үйінде. Жиенім мен әкем ауруханада ауыр халде жатыр. Газ мамандары үйге келіп жағдайымызды сұрап кетті. "Пәтер тапсаңыздар, ақшасын төлеп береміз" деді. Енді жалдамалы үй табу керек", - дейді Әлхамжан Машрахунов.
Үй иелері апат бола салысымен бірден жедел жәрдем шақыртқан, бірақ олар оқиға орнына жедел жетпеді дейді. Әрі алғашқы медициналық көмекті көрсетуден де бас тартқан.
"Жедел жәрдем бір сағаттан астам уақытта келген. Келген кезде тағы қасында ешқандай көмек көрсететін құрал-жабдықтары болмаған. "Өздеріңіз апарсаңыздар, тезірек болады" деп айтқан", - дейді Рәзия Мамырбакиева.
Жалпы қайғылы жағдай салдарынан төрт адам аурухананға түскен. Екеуі әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал қалған екеуі бүгін ғана палатаға ауыстырылыпты.
"Түскен кезде науқастардың екеуінің де жағдайы өте ауыр күйде болды. Қазір жансақтау бөлімшесінде. Барлық ем жасалынып жатыр. Қазір жағдайы екеуінің өте ауыр. 95 пайыз, 1, 2, 3, 4-дәрежелі күйік . Болжам өте ауыр, жарақаттарына байланысты дөп басып айту қиын", - дейді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы ШЖҚ МКК травматолог-дәрігері Орынбасар Еркеев.
Ал апаттың кесірінен ауылдағы 20-ға жуық баспана бүлініпті. Жергілікті шенеуніктер қазір оларды біртіндеп аралап, көмек көрсетуге кіріскен.
"Міндетті түрде шығынның бәрін газ компаниясы төлейді, ол әкімшіліктің жеке қадағалауында. Себебін қазір айта алмаймыз. Оны сараптама қорытындысы шыққаннан кейін ғана айта аламыз. Енді мына кісілерге қазір басқа да өз тарапынан жалдамалы үй іздеп жатыр. Жалдамалы үй табылған жағдайда бұл кісілер сол жерге көшіріледі", - дейді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев.
Қазір қылмыстық іс қозғалып тергеу жүріп жатыр. Әкімдік, газ жүргізген компания бар шығынды төлеп береді деп сендірді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан