- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Келініңіз жол апатына...
"Келініңіз жол апатына түсті". Шымкентте зейнеткер жарты миллион теңгесінен айырылып қалды
Шымкентте зейнеткер алаяққа алданып, жарты миллион теңгесінен айырылып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкенттің 90 жастағы тұрғынына белгісіз тұлға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, келіні жол апатына түскенін хабарлаған. Алайда мәселені белгілі сомамен шешуге болатынын және зейнеткерден ол ақшаны курьер алып кететінін айтқан. Туысына көмектесу үшін қарт ана алаяқтарға барлық жинап-терген қаражатын, яғни жарты миллион теңгесін беріп жіберген.
Іздестіру іс-шараларының барысында тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен жәбірленушінің үйінен қолма-қол ақшаны алу үшін келген тұлғаны анықтап ұстады. Ол 33 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Өз жауабында ұсталған ер адам мессенджер арқылы алған нұсқауға сәйкес әрекет еткенін жеткізді. Алған ақшаны белгілі бір шотқа аударуға келіскен ол шартты орындамай, алаяқ "жұмыс берушісін" алдап кеткен екен.
Қазір қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғаушылар азаматтарға алаяқтықтың осы түрі туралы еске салады.
"Алаяқтар өздерін полицейлер ретінде таныстырып, туысыңыздың қиындыққа тап болғанын хабарлап, ал мәселені белгілі бір ақша қаражаты шешетінін айтуы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден полицияның "102" нөміріне қоңырау шалып, ақпаратты тексеріңіз, үрейленбеңіз, әсіресе бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз", – дейді полиция қызметкерлері.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек