- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Келіннің ақшасы -...
"Келіннің ақшасы - өзінікі. Ер адамның тапқаны - отбасына". Кәсіпкердің сөзі Қазнетте дау тудырды
Танымал кәсіпкер Гүлбану Майгарина үйде келіннің ақша ұстауына қатысты ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кәсіпкер сұхбаттарының бірінен Instagram-парақшасында үзінді жариялаған.
"Болашақ келінім бар ғой. Ең біріншіден, өз мақсатың орындалуы керек. Екіншіден, сенің тапқан ақшаң - сенің ақшаң. Баламның тапқан ақшасы - отбасының ақшасы. Ер баланы еркелетуге болмайды. Келініме "сен оны олай еркелетпе" деп айттым. Ер адам отбасын асырап, жауапкершілікті алып, ер адам ретінде алдында жүруі керек. Сол арқылы менің балам бақытты. Маған одан артық ештеңе керек емес", - дейді кәсіпкер.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Гүлбану Майгаринаның бұл пікірін қолдағандар көп.
"Сіздің келініңіздің жолы болған екен. Қандай жақсы енесіз! Дұрыс айтасыз, отбасын қамтамасыз ету - ол ер адамның міндеті", "Мұндай енелер бар ма негізі? Әлде тек сөзбен осындай ма екен? Мен білетін барлық ене тек баласының сөзін сөйлей береді ғой", "Кезінде осы сөздерді ешкім айтпаған маған. Өзімнің қәдірімді білмегеніме өкінемін", "Келін адал жүрегі таза адам болса сол үйді бақытты етемін деген ойда болса, ол бәрін өзі біледі, сол үйге үйретіп сәл тәрбиелеу керек, айлығын сол отанға жарату керек", - дейді кәсіпкердің оқырмандары.
Бірақ кәсіпкердің бұл ойына қарсы келгендер де бар.
"Дұрыс емес айттың, келін ақшасын бөлектеді ме, демек ол басқа адам, ол отбасында не жетеді, не жетпейді білмейді. Бір қазанда қайнаған табыс тәтті болады", "Ақша сенікі, менікі деп айтпау керек. Келген келін алдындағы келіндік міндетін атқаруы керек. Себебі екеуі бір-бірімен тату болса, сол күн бақытты. Ақшаның дауымен ажырасып жатқан отбасы қанша?", "Уақыт көрсетеді. Талайлар келінді тайраңдатқан. Сол келіндер сол қайын ата мен енені 60 жасында сол өз үйінен қуып шыққан. Қазақсың ба? Ұлтымыздың әдет-ғұрпы мен салт-сана, дәстүр, тағлымы бар. Сол әдеп пен әдеттен аттамаса сол отбасы бақытты, ұрпағы мың жасайды. Ал батыстың соңғы үлгімен өзім білеммен еш нәтиже болмайды", - деп жазған оқырмандар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина