Кореяда кіндік қаны тамған Сужин Ли дәм тартып, түркістандық отбасыға келін болды. Отбасында келін түсерде қазақтың барлық жөн-жоралғысымен беташар өткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Turkistan.tv арнасына сілтеме жасап.
Корейлық арумен отау құрған жігіттің есімі - Сәкен. Ол Оңтүстік Корея елінде 5 жыл жұмыс істеген. Сәкен мен Сужин Кореяда танысып, кейін отбасын құруға бел буған. Екі жақтың ата-анасы отбасын құруға қарсы болмаған.
"Ата-анасын көріп, таныстым. Кейін рұқсатын алған соң елге алып келдім. Ал әйелім өзі корей тілін үйретті", - дейді Сәкен Бауыржан.
Шетелдік ару қазақ жігітіне күйеуге шығып, Түркістан облысы Түлкібас ауданына келген. Оған ет асу және бауырсақ пісірудің қыр-сырын абысындары мен енесі үйретіп, көмектеседі. Сужиннің айтуынша, үйлену туралы ұсыныс жасағанда қатты қобалжыған. Өйткені ол қазақ тілін мүлдем білмейді.
Ал енесі келінінің қазақ тілін меңгеруге деген ынтасы ерекше екенін айтады.
"Шәй ішіңіздер" деп шақырады. 1-2 күн Шымкенттен барып келді, келгенде "апа" деп құшағын жая келе жатыр. Ондайда еріп кетемін. Кішкентай балаларды ойнатады. Қазақтың тағамына да үйренді. Сиыр сау деп айтқан жоқпын, әлі үйренер", - деді Нағима Мақұлбекова.
Сужин үшін алғашқыда Түлкібастың ауа райына үйренісу қиын болған. Ол аптаптан басы ауырғанын айтады. Сужинге Қазақстанда әрі қарай тұру үшін рұқсат алу керек. Оның қайын атасы бұл мәселенің ұзаққа созылып кеткенін мәлімдеді. Оған елімізде 1 шілдеге дейін тұрақтауға рұқсат етілген.
"Келінімізге үйреніп қалдық, қимайды екенсіз. Сол туралы естіп қалсақ, көңіліміз түсіп қалады, келініміз кетіп қалатын сияқты. Бірақ құжат мәселесі әлі қиындау болып тұр. 2 ай өтсе де құжаты толық аяқталмады", - деді қайын атасы Бауыржан Мақұлбек.
Сужин Ли - әулетке түскен алғашқы шетелдік келін. Дегенмен шаңырақ үлкендері басқа ұлдары да шетелдік қызбен отау құрғысы келсе, қарсы болмайтындарын айтты. Ал құжат мәселесі шешілсе, кореялық құдалар Қазақстанға келеді екен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!