5 жылдан бері қарттар үйін паналап жүрген әжей Қайша Қапкенова 74 жаста. Қарт анаға туған ұлы мен келіні күн көрсетпегендіктен, мемлекеттік мекемеден көмек сұрауға мәжбүр болыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Qazaq Airan" Youtube-арнасына сілтеме жасап.
Қарт ананың айтуынша, жас кезінде анасы жалғыз перзентін алып, бауырына бағуға берген. Салдарынан бала ержеткенде анасын мойындаудан бас тартқан.
"Менің ешкімім жоқ, далада қалдым. Тұрған үйімдегі адамдар "ана жаққа отырма, мына жаққа отырма, теледидар көрме, тоңазытқышты ашпа" деп күн көрсетпеді. Содан бір күні жергілікті мекемеге барып, мені бір жаққа алып кетуін сұрадым. Олар маған "комиссия келіп тексермей, ешнәрсе істей алмаймыз" деді. Шамамен 1 айдан кейін жеті адам келіп, бәрін тексеріп, "апаны мына жерде бір күнде қалдыруға болмайды" деді.
Тұрған үйімдегі адамдар дегенім менің туған ұлым мен келінім. Марқұм анам кезінде жалғыз перзентімді "сен оны асырай алмайсың" деп менен тартып алып, бауырыма берген. Бірақ қазір мені мойындамайды, "мен сенің балаң емеспін" деп айтады. Енді бала кезінде басқа адам өсірді ғой. Сол ұлым мен келінім өте нашар кісілер, отырсам опақ, тұрсақ сопақ қылып әбден қанымды ішті. 3 жылдай зейнетақымды жоқ қылды", - дейді қарт ана.
Қарт ана келіні өзіне қол көтергенін айтады.
"Келінім бір-екі рет ұрған. Бір рет оқтаумен ұрды, бір рет аяқ киімімен ұрды. Өмір деген айтып белгісіз ғой. Немере сүйіп, ұл-қызымның жанында отырғым келетін сәттер де болды. Қазір жалғыз немерем бар. Өзі менен аумайды. Ол "әжемді қуып жібердіңдер" деп әке-шешесімен қырылып, ұрсысып, олармен араз. Содан кейін сыныптасымен бірге Германияға кетіп қалды. Шамамен 8-9 жыл болып қалды. Қазір Германияда тұрады. Маған хабарласайын десе, мен ондай гаджеттерді қолдануды білмеймін. Сондықтан хабарсызбыз", - деді ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Астана қаласының негізі қай жылы қаланған?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз