Бүгін, 18 желтоқсан күні Ақтау қаласының 16-шағынауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында №35 жалпы білім беретін мектеп салтанатты түрде ашылды. Бұл – Маңғыстау облысында аталған жоба бойынша іске қосылған он үшінші мектеп.
Жаңа форматтағы білім беру ұйымы 1 500 оқушыға есептелген. Жалпы аумағы 15 мың шаршы метрден асатын мектепте 77 пән кабинеті қарастырылған. Олардың ішінде дизайн және технология, тамақтану мәдениеті, визуалды өнер, үй мәдениеті, робототехника, STEM және музыка бағытындағы арнайы сыныптар бар. Білім ордасы заманауи оқу құрал-жабдықтарымен толық қамтылып, оқушылардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік дамуына қолайлы орта қалыптастырылған.
Ашылу рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде заманауи үлгідегі мектептер кезең-кезеңімен бой көтеруде. Бұл бастама балалардың сапалы білім алып, болашақ мамандығын ертерек таңдауына жол ашады. Жаңа мектептер тек білім беру орны емес, оқушылардың қабілетін ашып, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын кеңістікке айналуға тиіс", – деді аймақ басшысы.
Мектеп ғимараты ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да бейімделген. Мұнда сенсорлық бөлме, инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті жұмыс істейді, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін арнайы жеделсаты орнатылған. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мектеп ішінде 126 бейнебақылау камерасы орнатылып, аумағында балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынған.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 11 мыңнан астам оқушыға арналған 12 мектеп пайдалануға берілген. Осылайша, өңірде жоба аясында жоспарланған барлық 13 мектеп толық іске қосылды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал