Келесі Ұлттық құрылтай Бурабайда өтеді

Келесі Ұлттық құрылтай Бурабайда өтеді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі Ұлттық құрылтай қайда өтетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөз сөйледі.

"Біз әрбір өзгерісті мұқият ойластыра отырып жүзеге асыруымыз керек. Бастамалардың ақылға қонымды және қазіргі ахуалға сай болғаны маңызды. Бұрынғы жоспардың бәрін қазіргі күннің талабына лайықтап, түзету қажет. Мен бұған дейін реформалар тоқтап қалмайтынын нақты айттым. Өйткені елімізді жан-жақты жаңғырту ісі үздіксіз жалғаса беруге тиіс. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Соған сай жаңа бастамалар мен жоспарларды жүзеге асырамыз. Қазір оның бәрі мұқият зерделеніп жатыр. Келесі жылы халыққа ұсынатын боламын. Кейбір бастаманы әдеттегідей Ұлттық құрылтайда жариялаймын. Оның кезекті отырысы Бурабайда өтеді. Қалғанын Жолдауда айтамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында әлі де көп жұмыс істеу қажет. Ол үшін жалпыұлттық бірегейлігіміздің негізін ұдайы нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, экономиканы дәйекті түрде дамыту керек. Елдік мақсаттарымыздың көкжиегін көре білу маңызды. Сонда ғана алдымызға қойған стратегиялық міндеттердің бағытынан ауытқымаймыз. Бос әңгімелер мен өнбес дауларды қумай, болашаққа сеніммен қадам басуымыз керек. Батыл бастамаларымызды бірге жүзеге асыратынымызға сенімдімін", - деді Президент.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың үш отырысы өтті:

  • І Ұлттық құрылтай 2023 жылы 3 мамырда Ұлытау облысында өтті.
  • ІІ Ұлттық құрылтай 2023 жылы 17 маусымда Түркістан қаласында өтті.
  • ІІІ Ұлттық құрылтай 2024 жылы 15 наурызда Атырауда өтті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова