- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Келесі премьер-министр кім...
Келесі премьер-министр кім болуы мүмкін? Саясаттанушылар болжамын ұсынды
Қазақстанда 19 наурызда кезектен тыс мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау өтті. Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабына сәйкес, депутаттар тіркеліп, қорытынды шыққаннан кейін үкімет отставкаға кетеді. 20 наурызда премьер-министр Әлихан Смайылов қызметінен кетуге дайын екенін мәлім етті. Massaget.kz тілшісі бұл туралы саясаттанушы, "Қауіп-қатерді бағалау тобының" директоры Досым Сәтпаевпен және саясаттанушы, қоғам қайраткері Әділ Сайлаубекпен сұхбаттасып, болжам жасап көрді.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев қазіргі премьер-министр Әлихан Смайылов оставкаға кетіп, орнын сақтай алмайды деп болжады. Бұған себеп - Президенттің былтыр желтоқсанда үкімет басшысын сынауы.
"Қазір түрлі кандидатура қарастырылып жатыр. Әлихан Смайылов мырзаға келер болсақ, былтыр желтоқсанда Президент үкімет пен премьер-министрдің қызметін сынға алып, "оның жұмысы тиімсіз" деп айтқанын есте ұстаған жөн. Осыдан кейін биыл қаңтарда Үкіметте 5 жаңа министр тағайындалды. Сондықтан оның орнын сақтап қалуы екіталай. Бірақ бұл жерде басқа маңызды мәселе бар. Назарбаев тұсында премьер-министрдің кандидатурасы да, оның лауазымы да ешқашан шешуші роль атқармайтын, саналмайтын және қарастырылмайтын жүйе құрылды. Бұл - негізгі мәселе. Мұнда Смайыловтың орнына келетін нақты тұлғаларды емес, технократиялық көшбасшылық ұғымына тең келмейтін жүйені талқылау қажет. Бізде премьер-министр - Президент әкімшілігінде үнемі бақылауда болатын, соған бағынатын адам. Ал шын мәнінде ол белгілі бір бағдарламасы, құндылықтары бар адам болуы керек. Ол үкіметті бағдарламасына лайықтау керек", - дейді ол.
Саясаттанушының айтуынша, біздің үкімет ешқашан технократиялық болмаған, тіпті ондағы тағайындаулар - элита ішіндегі келісімнің нәтижесі. Сондықтан кім премьер-министр болса, ол Смайыловтан немесе оған дейінгілерден ерекшеленбейді, себебі мемлекеттік басқару жүйесі өзгерген жоқ.
Сондай-ақ, Досым Сәтпаев вице премьер-министрлер мен қоғамда әкімдер арасында бұл орынға кім ұсынылып жатқанын айтты.
"Премьерден кейін оның орынбасарлары бұл орынға үміткер болуы логикаға сай. Бір жағынан бұл минус, себебі бұған дейін пермьер-министрдің жұмысына сын айтылса, жауапкершілік оның орынбасарларына да артылады. Ал әкімдер арасынан басқара алатын тұлға көрмеймін. Себебі Қазақстанның бір де бір өңірі экономикалық даму жағынан айтарлықтай көрсеткіш көрсетпеді. Кейбірі Ерболат Досаевты айтып жатыр. Бірақ Алматыда да ондай өзгерістер болмады. Ол қаланы дамыту бағдарламасын жүзеге асыра алды деп айта алмаймын", - деді ол.
Ал саясаттанушы, қоғам қайраткері Әділ Сайлаубектің пікірінше, Әлихан Смайылов орнын сақтап қалуы мүмкін. Олай болмаған жағдайда, оның орнына "Аманат" партиясының басшысы немесе Астана әкімі келу мүмкін.
"Менің ойымша, үкіметтің отсавкаға кетуі дүйсенбіде белгілі болады. Жаңадан сайланған депуттартар мандаттарын алғаннан кейін барлығы белгілі болады. Бірақ Әлихан Смайылов қазіргі геосаяси жағдайға байланысты орнын сақтап қалуы мүмкін. Оған альтернатива ретінде "Аманат" партиясының басшысы Ерлан Қошанов немесе Астана әкімі Жеңіс Қасымбек болуы мүмкін. Меніңше, әкімдер мен министрлер арасынан бұл орынға келетін кандидат жоқ. Жаңа үкіметтің жасақталуында да қатты өзгеріс бола қоймайды. Бірақ Президент бұған дейін үкіметті өзгертеміз деген", - дейді Әділ Сайлаубек.
Саясаттанушының айтуынша, жақында тағайындалған премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов өз орнын сақтап қалады.
"Әрине, жұмыс болған соң, сын болмай тұрмайды. Әлихан Смайылов жұмысын өз бағытынша істеп келеді. Бірақ Алтай Көлгінов орнын сақтап қалады. Бұдан басқа аса өзгеріс байқалмайды", - деп қорытындылады ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек