- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан мәртебесі
Келесі жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі
Парламент мәжілісі Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын әзірлеуді аяқтап, бірінші оқылымға ұсынуға дайын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл құжат Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде дамытуға бағытталған.
Заң жобасының негізгі ерекшеліктері:
Түркістан қаласына ерекше мәртебе берудің мақсаттары, міндеттері мен қағидаттарын нақтылау. Қаланың аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауды қамтамасыз ету. Жергілікті және орталық мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктерді анықтау және жаңа өкілеттіктерді енгізу. Ұлттық қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету үшін бюджеттен шығындардың бір бөлігін өтеу. Сәулет, құрылыс және тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғауға қатысты жаңа нормативтік шараларды бекіту.
Заң жобасы төрт тараудан және 15 баптан тұрады. Құжатты әзірлеу барысында жұмыс тобына 36 түзету келіп түсті. Оларды министрліктер, ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылар талқылап, жұмыс тобының бес отырысында және комитеттің кеңейтілген жиынында қарады.
Сонымен қатар Түркістан қаласында заң жобасының негізгі ережелерін талқылауға арналған көшпелі отырыс өтті. Парламент Мәжілісінің комитеттері құжатқа оң қорытынды берді.
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті заң жобасын жалпы отырыстың қарауына бірінші оқылымда енгізуді ұсынды. Бұл бастама Түркістанның тарихи рөлі мен мәдени құндылықтарын одан әрі дамытуға құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет