"Келесі чемпионатқа жақсылап дайындаламын". Кәсіби садақшы қызбен сұхбат

Садақ ату - қазақ халқының ежелден бері айналысатын өнерінің бірі. Ұлттық өнерді насихаттап, айналысып жүргендердің қатары көп. Соның ішінде кішкентай қыздарды осы өнерге баулып, өзі де жарыстарға қатысып жүрген кәсіби сертификатталған тренер, садақшы Ақсымбат Нұржанмен  Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Бірнеше шәкіртім бар"

Ақсымбат Нұржан садақ атумен 14 жасынан бастап айналысқан.

"Алдымен Шымкент қаласында үйреніп, үйірмеге қатыстым. Бастапқы техникаларын үйрендім. Бірақ жаттықтырушысы ұнамады да, 3-4 сабақтан соң бармай қойдым. Кейін 4 жылдай айналыспай кеттім. 18 жасымда Алматыдағы "Сақ" клубына мобилограф болып жұмысқа орналастым. Осыдағы садақ ату үйірмесін көріп, қайта қызығушылығым оянды. Сосын кәсіби түрде білім алдым. Қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеп жүрмін", - деді ол. 

Қазіргі таңда Алматы қаласындағы мектептердің бірінде сабақ береді, шәкірт тәрбиелеп жүрген кәсіби тренерлердің бірі.

"Әлеуметтік желіде белсендімін. Сосын "Айсаф" мектебінен қыздарға садақ ату үйірмесіне ұстаз болу туралы ұсыныс түсті. Қазіргі таңда сол жақта бірнеше шәкіртім бар. Оларды қалааралық жарыстарға жиі қатыстырамын. Жақында Алматы облысы бойынша өткен Қазақстан чемпионатына іріктеу жарысында оқушым алтын медаль алды. Жарыстан жүлдесіз қайтқан шәкіртім болған емес деп ауыз толтырып айта аламын", - деді ол. 

"Халықаралық жарысқа дайындалып жатырмыз"

Садақшының айтуынша, алғашқы жарыс кезінде қатты қобалжыған.

 

"Ең алғаш жарысқа қатысатын кезде қатты қобалжыдым. Ұстазыма қорқып тұрғанымды айтқанда, "уайымдама, келесі жарыста шай ішіп кетуге келгендей боласың" деген еді. Расымен, кейінгі жарыстарда солай болды. Еш уайымсыз, үйреніп кеттім", - деді ол.

Ол алдағы айда өтетін халықаралық жарысқа дайындалып жатқанын атап өтті.

"Өзім де жарыстарға қатысып тұрамын. Жақында 5-8 мамырда өткен республикалық Қазақстан кубогына қатыстым. Жарыс оңай болмады, тәжірибе жинадым. Ең алғаш қатысқан республикалық жарысым болғандықтан ерекше есімде қалды. Жеңіс бұйырмады, тек финалға дейін жеттім. Келесі чемпионатқа жақсылап дайындаламын деп отырмын. Дайындығым аз болған сияқты. Қазір Қырғызстандағы халықаралық жарысқа дайындалып жатырмын. Жамбы нысанасы 30 метрден болады. Ал Қырғызстанда жамбы нысанасы 50 метрден есептеледі", - деді ол. 

"Азиялық садақ ату әдісі ыңғайлы"

Оның айтуынша, ат үстінде садақ ату үшін садақшыға ептілікпен қатар жылдамдық керек.

"Садақ атудың еуропалық және азиялық деп аталатын екі түрі бар. Еуропалық садақ атуда үш саусақпен тартады, азиялық садақ атуда бас бармақпен атады. Маған осы азиялық садақ ату түрі өте ыңғайлы. Бірақ ұстазым еуропалық түрімен атады, оны маған үйреткенімен ыңғайсыз болды. Негізі үш саусақпен тартып ату әдісі ат үстіне келе жатқанда ыңғайлы. Негізі аттың үстінде садақ ату үшін жылдамдылық, ептілік ыңғайлы. Атпен тез шабу керек қой, әрі өз атыңның болғаны жақсы. Ат үстінде садақ атып көрдім. Оған көп дайындық керек", - деді ол.

Сондай-ақ, Ақсымбат садақ ату кезінде жараланып қалмас үшін қауіпсіздік маңызды екенін айтты.

"Садақ ату кезде қауіпсіздік аса маңызды. Сол үшін сұқ саусақ пен бас бармаққа арнайы қорғаныш қабығын киеміз. Яғни, саусақ сүйегі жарақат алмауы керек. Өйткені 50-60 метрге оқ ұшу үшін үлкен күшті талап етеді. Бірақ осы уақытқа дейін жарыс кезінде жарақат алған кезім мүлде болмапты. Жалпы өзім кез келген жағдайда қауіпсіздік ережесін сақтағанды жөн көремін. Осы ретте ұстазыма алғысым шексіз", - деді ол.

"Қазақстанда садақ жасалмайды"

Ол садақтарды шетелден, ал оқты Қазақстаннан тапсырыспен алдыртатынын айтты.

"Садақты әртүрлі елден тапсырыс беріп, алдырамыз. Атап айтқанда, Қытай, Венгрия, Украина, Түркия елдері. Қазақстанда әзірге жасалмайды. Қазір Қытайдан тапсырыспен алдырған Хайрань садағын пайдаланамын. Құны - 70 мың теңге. Бірақ Венгрияның садағына қызығып жүрмін. Садақтың бәрі әр адамға сай жеке өлшеммен жасалады. Ал оқтарды қазақстандық шеберлер жасайды. Оқтардың бағасы 2000 теңгеден басталып, 15 мыңға дейін жетеді. Құны оқтың жасалу ерекшелігі, материалы, сапасына байланысты болады", - деді ол.

Ақсымбат садақтың құрылымын да түсіндіріп берді. 

"Садақтың құрылымын салыстырсам, мұның өзі жақ немесе жай деп аталады. Егер жанында оғы болмаса,  "садақты алып берші" деп айта алмайсыз. Жанында оғы болса ғана екеуін бірге садақ деп айта аламыз. Яғни, оқ пен жақты қосқанда садақ болады. Оқты кіргізетін жері кіріс деп аталады. Оқтың басын кез дейміз. Оқтың өзі карбон оқтар және ағаш оқтар болып екіге бөлінеді. Карбон оқтармен кәсіби айналысуға кеңес бермеймін. Өйткені қисық ұшады, әрі салмағы ауырлау. Ағаш оқтар алысқа ұшатын болғандықтан жеңіл әрі ыңғайлы болады. Ал оқтың ең ұшындағы темір жебе деп аталады", - деді ол.

"Жарысқа ұлттық киіммен қатысу керек"

Оның айтуынша, садақ ату жарысының бір ерекшелігі - ұлттық киіммен қатысу міндетті.

"Садақ ату жарысына етік киіп, ұлттық киіммен шығу міндетті. Бұл - байқау ұйымдастырушыларының талабы. Жарыстарға киімдерді қаладағы ұлттық нақыштағы дүкендерден аламын. Шекеліктерді өте қатты жақсы көремін. Менде мұндай әшекейлер өте көп", - деді ол.

Сондай-ақ, кез келген жастағы адам садақ атуға қатыса алады.

"Садақ ату денсаулыққа өте пайдалы. Соның ішінде, омыртқа жотасын, арқаны түзу ұстауға жақсы әсер береді. Адам түзу тұрмаса, садақ ата алмайды. Садақ ату кезінде жауырындар бір-біріне тиіп тұруы тиіс, бұл - маңызды. Жазу жазғанда телефон қарағанда бүкірейіп отырамыз ғой. Соның бәрін кетіруге садақ ату көмектеседі. Сол үшін кез келген адамға садақ атып үйренуге кеңес беремін. Садақ атуға 6 жастан бастап кез келген жастағы адам қатыса алады. Ешқандай шектеу жоқ", - деді ол.

"Мөлдір Әуелбекованың ұлына сабақ беремін"

Ақсымбат қазіргі таңда Мөлдір Әуелбекованың ұлы Салтайға садақ атудан сабақ беріп жүр.

"Жақында шәкірттерімнің қатарына әнші Мөлдір Әуелбекованың ұлы Салтай деген батыр қосылды. Садақ атуы ерекше, өте жақсы деп айтар едім. Алдағы уақытта жарысқа апарғым келеді. Бірақ өзі ондайды ұнатпайды, жарысқа қатысқысы келмейді. Тек демалу үшін ғана садақ атумен айналысады. Жеке сабақ үйреткеніме екі ай боп қалды", - деді ол.

Ол әншімен қалай танысқанын да айтып берді.

"Биыл ұйымдастырған ауызашарлардың бірінде жәрмеңкеде садақтарымды апарып, сатып тұрдым. Мөлдір Әуелбекова келіп, бағасы ең қымбат 90 мың теңгелік Хайрань садағын сатып алды. Содан кейін таныстығымыз басталып кетті. Бірақ Салтайға мұнымен шұғылдануға әлі ерте. Қазір балаларға арналған садақпен шұғылданып жүр. Кішкентай чемпион өсіп келе жатыр деп айтар едім", - деді ол.

"Садақ ату - еркіндік"

Садақ ату жарысына қатысуға өтінім берген кезде кез келген қатысушы жамбы нысанасының барлық кезеңіне қатысады.

"Жас шамасына қарай арақашықтықтар әртүрлі болады. Мәселен, 7-10 жас аралығындағы балалар 10 метр, 11-12 жас аралығы 15 метр, 13-15 жас аралығында 20 метрден садақ атады. Одан кейін 16-18 жас аралығында 25 метр,  18 жастан бастап 50,60 метрден атады", - деді ол.

Оның айтуынша, садақ ату  - жай ғана еркіндік. 

"Миымдағы барлық негатив ойларды бір оққа әкеліп атып жіберемін. Садақ ату кезінде ештеңе ойламаймын. Бүкіл әлемді ұмытып кетемін. Болашақта шәкірттерімнің санын көбейткім келеді. Өз мектебімді қалыптастыру - арманым" , - деді ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!