Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties атты панелдік сессиясына қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
"Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы айтқанда, барынша прагматикалық көзқарас ұстануымыз керек. Әйтпесе алдағы уақытта да жолайрық, стратегиялық құндылықтар мен басқа мәселелер жайында айта береміз. Біз жаһандық, өңірлік кездесулер, конференциялар мен түрлі жиындар өткіземіз. Қазақстан және Түркия сияқты орта державалардың маңызы мен оң ықпалын атап өткім келеді. Әрине, әлемде бізге ешкім тең келмейді деп мақтанудан аулақпын. Бірақ жаһандық үдерістерде жоғары деңгейде жауапкершілік танытып жүрміз. Мұны дипломатиялық іс-әрекетіміз көрсетіп отыр. Сондықтан жаһандық мәселелердің шешіміне жиі қарсы келетін Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі державалардан гөрі орта державалардың жауапкершілігі жоғары десек, артық болмайды", – деді Мемлекет басшысы.
Келесі сұрақты қояр алдында Мевлют Чавушоғлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиядағы тәжірибесі мол екеніне назар аударды.
"Президент Тоқаев – халықаралық жүйені, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын өте жақсы білетін әлемдік көшбасшылардың бірі. Ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында қызмет еткенін білесіздер. Сол уақытта мен Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының төрағасы болдым. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолында аянбай еңбек ете жүріп, халықаралық жүйенің тиімділігін барынша арттыруға үлес қосып келеді", – деді модератор.
Мемлекет басшысы БҰҰ мен басқа да халықаралық институттарды жетілдіру жөніндегі пікірін бөлісті.
"Біз өңірлік және жаһандық қақтығыстарды талқылаймыз. Алайда сіз Түркияның бұрынғы сыртқы істер министрі ретінде келіссөздер БҰҰ мен басқа да ірі халықаралық ұйымдар алаңында емес, одан тысқары жерлерде өтіп жатқанын аңғарған шығарсыз. Тараптар БҰҰ-да емес, белгілі бір елдердің астаналарында, жекелеген конференц-залдарда кездеседі. БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға арағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл - ойланатын мәселе. Демек, БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл: ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма?" – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің халықаралық ұйымдар қызметіне ықпалын зерделеуге шақырып, жаһандық ұйымды түбегейлі реформалау қажет екеніне тоқталды.
"Әлгінде айтқанымдай, өте өзекті халықаралық мәселелер шешілуіне Қауіпсіздік Кеңесінің өзі кедергі келтіріп отыр. Бұл - оғаш, ақылға сыймайтын жағдай. Адамдар, дипломаттар мен саясаткерлер басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр. Айтпақшы, бұл проблеманы былтыр қыркүйекте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясында президент Дональд Трамп дәл сипаттады. Мен онымен толық келісемін. Ол БҰҰ штаб-пәтеріндегі бұзылған телесуфлер мен эскалаторды сынға алып, "БҰҰ-да бәрі істен шыққан!" деді. Алайда ең маңызды мәселе: Біріккен Ұлттар Ұйымында және басқа да халықаралық құрылымдарда бейбітшілікті сақтау үдерісі тоқырап тұр. Мен көпжақты дипломатияның жақтаушысымын. Бейбітшілікке бастайтын әділдік идеясының төңірегіне топтасқан адамзаттың жарқын болашағына әлі де сенемін", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, БҰҰ-ға уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұстанымдардан арылу қажет.
"Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда "дұшпан мемлекеттер" деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі "жау елдер" ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру", – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев превентивті дипломатия қақтығыстарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді.
"Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превентивті дипломатия дегеніміз – осы. Сонымен қатар, біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек", – деді Қазақстан Президенті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!