Келесі айда халық саны 18 миллионға жетеді

Келесі айда халық саны 18 миллионға жетеді
Фото: vk.com

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің есебі бойынша, қазір қазақстандықтардың нақты саны 17 млн 945 мың 300 адамды құрайды, деп хабарлайды"Ұлт ақпарат".

«2017 жылдың 1 ақпанындағы жағдайға сәйкес, Қазақстан халқының саны - 17 млн 945 мың 300 адам. Оның ішінде, 10 млн 305 мың 700 адам - қалада, 7 млн 639 мың 600 адам ауылда тұрады. Халықтың 48,4 пайызы -  ер азаматтар, 51,6 пайызы - әйел азаматтар», - деп хабарлады министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.

Оның айтуынша, 2016 жылдың 1 ақпанынан бері халық саны 231 мың 500 адамға немесе 1,3 пайызға өскен екен. Халық саны азаматтық хал актілерін тіркеу құжаттарында, сондай-ақ, көші-қон полициясының мәліметтеріне сай есептелген. Ал, кейбір әлемдік сайттардың рейтингтерінде көбіне орташа туу деңгейі есепке алынып, өздерінің алгоритмдеріне сай дайындалады, деп атап өтті баспасөз хатшысы.

«Қазақстан халқының санын анықтайтын есептеуіш БҰҰ-ның мәліметтеріне сүйене отырып, қазір елімізде 18 млн халық тұратынын көрсеткен. Бірақ, ресми статистикаға жүгінсек, халық саны әлі 18 миллионға жеткен жоқ. Әзірше, 1 ақпан бойынша еліміздегі халық саны 17 млн 945 мың шамасында. Алла жазса, 18 миллионыншы қазақстандық сәуір айында дүниеге келеді деп күтілуде», - деп хабарлады ол.

Ult.kz

М. Оңғарова